Маусым қорытындысына кіріспе

Ізғали Рымбек
Бас редактор
24.10.2022, 19:23
Аумалы-төкпелі кезеңдегі қазақ футболы жайында бірер сөз.
Маусым қорытындысына кіріспе

Қазақ футболы маусымының шарықтау шегінен жетті. Биылғы маусым өте қызықты өтті, аяқталғанша әлі біраз оқиғаға куә болатынымыз анық. Ұлттық құрамамыз тарихи жетістікке жетті. Ақжайық Кубоктың финалына шықты. Жұмабек, Астанов, Оразов, Шацский сынды ойыншылардың жұлдызы жанған жыл болса, Қуат пен Тұрысбектің бірінші лиганы «шаңдатқанына» да куә болдық. 

Чемпионат тартысты өтіп жатыр ... еді. Жыл басындағы ел толқығаннан кейін қазақ футболынан шұғыл түрде кетіп қалған Саян Хамитжанов, елде қоғамның көңілі саябырсығаннан кейін қайтып келді. Жалпы бұл кісі қазақ футболындағы атаулы тұлға. 2015-2018 жылдар аралығында «Астананың» президенті болды. Сол жылдары «Астананың» жылдық бюджеті 40 млн. долларға дейін барған еді, Еуропадағы ортаңқол командалардың бюджеті. Сөйтіп 2019 жылы «Ордабасының» президентінің көмекшісі қызметіне барды. Сол жылы шымкенттік клубтың бюджеті рекордтық 7 млрд. теңгені құраған еді. Сол маусымда көмекші Хамитжанов «Ордабасының» 3-ші орын алуына көмектескен еді. Қазір «Ордабасының» қарызы 5 млрд. екенін білдік. 

Чемпионатта тартысты өтіп жатыр дедік қой, маусым ортасында 8-ші орында тұрған «Ақтөбе» бапкер ауыстырып, 8 ойын қатарынан жеңіске жетіп, бірінші орыннан бір-ақ шықты. Өйткені командалардың арасы өте нығыз еді, 1-ші орын мен 11-ші орынның арасын бар болғаны 5-ақ ұпай бөліп тұрған. Жергілікті футболшылармен ойқастаған «Тараз» да бірінші орынға үмітті еді. Еурокубокте «Қызылжар» бәрімізді таң қалдырса, «Тобыл» және «Астана» ұятқа қалдырды. «Қайраттан» футбол қауымдастығы аса үлкен үміт күтпеп еді.

Міне, қоғамдағы серпіліс басылғаннан кейін Хамитжанов қайтып келді. Келгенде қалай: бірден «Астана» клубы бас директорының кеңесші және ҚФФ атқарушы комитетінің мүшесі. Ол келгеннен кейін чемпионатта жанжал көбейіп кетті. «Тобыл» - «Ақтөбе» арасындағы матч, кешегі «Ақжайық» - «Қызылжар» матчынан кейінгі алаң иелері бас бапкерінің төрешілерге наразылығы, матч аяқталғаннан кейінгі алаңдағы төбелес. «Астана» мен «Ордабасының» арасындағы «қонақжайлық». Сәкен Байымбеттің бірдей сәттерді екі түрлі бағалауы, «Орданың» офсайдтан салған голы. Әрине Хамитжановтың келуімен тікелей байланыстырудан аулақпын, бірақ күдік басым.

P.S. Айтпақшы Бақтияр көкем жоқ, 5 млрд. қаррыз бар. 7 млрд. теңге мен Бакең қайда деген сұрақ?

Рымбек Ізғали

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×