2021 жылы ҚКФЛ шешімімен маусымның үздік қорғаушысының сыйлығына отандық футболдың тірі аңызы Сейілда Икрамұлы Байшақовтың есімі берілді.
Осылайша, Байшақов жүлдесінің алғашқы иегері «Тобыл» ФК мен Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Сергей Малый атанды.
Сауалнама қорытындысы бойынша Малый өзге үміткерлерді басып озып, бірінші орынды иеленді. Сергей Премьер-лиганың осы маусымында 25 матчқа қатысып, 3 гол соқты. Ол «Тобыл» қорғанысының нағыз көшбасшысы болды. Сонымен қатар Қазақстан Суперкубогі аясында 2 ойын өткізіп, 2 голмен ерекшеленді. Қазақстан кубогінде Малый 6 ойын өткізді. 2021 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 31 жастағы қорғаушы 8 матчқа қатысты.
Екінші орынды еліміздің бас командасының тағы бір мүшесі Әлібек Қасым иеленді. «Қызыл-Жар СК» командасының үздік сұрмергені чемпионатта 25 матч өткізіп, 7 рет қанжығасын майлады. Тағы бір голды ол OLIMPBET-Қазақстан кубогінде соқты. Бұдан бөлек Әлібек Солтүстік Македония мен Тәжікстанға қарсы жолдастық кездесулерге қатысып, Қазақстан құрамасы сапында алғашқы ойындарын өткізді.
Үздік үштікті «Қайрат» командасының қорғаушысы Нұралы Әліп түйіндеді. 21 жастағы ойыншы ішкі біріншіліктің 25 кездесуінде алаңға шықты, еурокубок аясында 11 ойын өткізді, сондай-ақ ел кубогінде 4 матч және Қазақстан Суперкубогінде бір ойын өткізді. Ұлттық команда сапында Әліп негізгі құрамда өнер көрсетеді. Биыл ол Қазақстан құрамасының жейдесін 6 рет киген болатын.
Біздің серіктес: FONBET