Қазақстан ұлттық құрамасының ардагер қақпашысы, Қарағандылық “Шахтердің” капитаны Игорь Шацкий өзінің спорттық болашағына қатысты құпиямен бөлісті. Ол футболдан қашан кететінін және әр матч алдында мазалайтын қорқынышын ашық айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Игорь Шацкийдің жейдесіндегі "30” саны кездейсоқ таңдалмаған. Бұл — оның балалық шағы мен жастық шағы өткен Қарағандының 30-шы ықшамауданының белгісі. Қақпашы өз қаласының намысын қорғауды биік мәртебе санайды.
Ол бала күнінде Зинедин Зидан, Оливер Кан және Роналдо сияқты әлемдік деңгейдегі аңыздарға қарап өскенін, футболдың оның өміріндегі отбасынан кейінгі ең үлкен махаббаты екенін жасырмады.
“Мен футболды ең үздік спорт түрі деп есептеймін. Ол ұжыммен жұмыс істеуге, бір-біріңді тыңдап, түсінуге баулиды. Футбол адамдарға қуаныш сыйлайды әрі жақындастырады.” — дейді капитан.
Кәсіби футболда 20 жылдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп келе жатқан қақпашы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатында алғаш рет қақпаға тұрған сәтінен бастап, бүгінге дейін әр ойын алдында қатты қобалжитынын мойындады.
“Матч алдындағы толқынысты мен әлі күнге дейін жеңе алған жоқпын, тіпті бұл сезімнің мені тастап кетуінен қорқамын. Өйткені ойын кезінде эмоцияның болмауы немқұрайлылықпен тең, ал бұл карьераны аяқтауға болатынын білдіреді. Мен болсам, әлі футболға тойған жоқпын, әлі де ойнағым келеді.”
Шацкий өзінің “Шахтер” сапындағы алғашқы дебюттік матчын ешқашан ұмытпайды. Ол кезде кеншілер Қостанайлық “Тобылдан” 4:1 есебімен оңбай ұтылған еді. Алайда бұл сәтсіздік оны сындырған жоқ, қайта жігерлендіре түсті.
“Мен жай ғана матчтан емес, оның әрбір сәтінен ләззат аламын. Әрине, ірі жеңілістен кейін ішің бос қалып, таусылып қалғандай күй кешесің. Бірақ сонымен бірге жағдайды тезірек түзетсем деген құштарлық оянады. Мұндайда жаттығулар, бапкердің ақылы, отбасым мен жанкүйерлердің қолдауы құтқарады.” — деді Шацкий.
Басқа клубтарда бақ сынап көрсе де, туған жеріне қайта оралған Игорь Шацкий үшін Қарағанды — әлемдегі ең үздік қала. Бүгінде сынды да, мақтауды да лайықты қабылдай алатын капитан Қазақстан футболында әлі де талай белестерді бағындыруды көздейді.