Түркияның «Истанбул Башакшехир» клубы мен Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Элдор Шомуродов «Бешикташтан» Мәскеудің «Динамо» клубына ауысқан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бактиер Зайнутдиновке әзіл-қалжыңмен үн қатты.
«Динамо» клубы Бактиер Зайнутдиновтың ресми түрде командаға қосылғанын жариялады. Ол клубпен 2029 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қойды және келісім тағы бір маусымға ұзартылуы мүмкін.
Зайнутдиновтың Instagram-парақшасындағы жазбасына Шомуродов та пікір жазды:
«Менен қашып барасың ба, бауырым?»
Айта кетейік, 10 шілде күні Элдор Шомуродов Италияның «Рома» клубынан «Истанбул Башакшехирге» жалға ауысқан болатын. Ол мен Бактиер Зайнутдинов бір кездері Ресейдің «Ростов» клубында бірге ойнаған. Ол кезде команданы қазіргі «Динамо» бапкері Валерий Карпин жаттықтырған.