Месси мен Роналду бір команда сапында ойнауға келісті

Бүгін, 17:59

Әлемдік футболдың қос аңызы Лионел Месси мен Криштиану Роналду алғаш рет бір командада серіктес болуы мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.

Месси мен Роналду бір команда сапында ойнауға келісті

Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Карлос Тевес екі ойыншының да өзінің қоштасу матчына қатысуға келісім бергенін мәлімдеді.

Матч 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Өтетін орны, Буэнос-Айрестегі аңызға айналған «Ла Бомбонера» стадионы.

Карлос Тевес Мессимен бірге Аргентина құрамасында өнер көрсетсе, Роналдумен «Манчестер Юнайтед» клубында командалас болған. Тевес қос ойыншымен де жеке байланысқа шығып, оларды бір командаға біріктіруді көздеп отыр. Тевестің айтуынша, Роналдуға ұсыныс тастағанда, ол бірден: «Мен келемін», – деп жауап берген. Мессиді де көндіру қиынға соқпаған. «Мен Криштиану мен Леоның бір командада ойнағанын көруді армандадым. Бүкіл әлем бұл сиқырды тым болмаса бір рет көрсін дедім.» – дейді Тевес.

Тевес ойыншы ретіндегі мансабын осыдан бес жыл бұрын «Бока Хуниорс» клубында аяқтағанымен, оның құрметіне арналған ресми қоштасу матчы әлі өткізілмеген.

Ол футболдағы жолында көптеген биік белестерді бағындырды:

– Аргентина мен Бразилияда: «Бока Хуниорспен» Аргентинаның төрт дүркін чемпионы атанды, Либертадорес кубогын, Оңтүстік Америка және Құрлықтаралық кубоктарды жеңіп алды. «Коринтианс» сапында Бразилия чемпионы болды.

– Англияда: «Манчестер Юнайтедпен» екі рет Премьер лиганы, Чемпиондар лигасын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын ұтты. «Манчестер Ситимен» де Англия чемпионы атағын иеленді.

– Италияда: «Ювентуспен» екі мәрте Серия А чемпионы атанды.

– Халықаралық деңгейде: 2004 жылы Олимпиада алтынын жеңіп алды және Аргентина құрамасымен үш рет Америка кубогының финалына дейін жетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×