Месси ПСЖ-ның арманын орындай ала ма?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
07.08.2021, 18:49
Париждік клуб Чемпиондар Лигасында топ жару үшін жұлдызды ойыншылардың санын арттырды.
Месси ПСЖ-ның арманын орындай ала ма?

"Манчестер Сити" жарыстан шығып қалды

Бастапқыда Лионель Мессиге нақты үміткерлердің тізімі белгілі еді. Аргентиналықтың "Барселонада" қалу нұсқасын каталониялық клубтың президенті Жоан Лапора жұма күнгі баспасөз конференциясында жоққа шығарды.

"Астон Вилладан" Джек Грилишті сатып алуға жүз миллионнан астам еуро жұмсаған "Манчестер Сити" де Месси үшін таласпады. Грилиштің ауысуы кезекті мега-трансфердің алдын бөгеді, себебі "Тоттенхэмнен" кеткісі келген Гарри Кейн де командалық жаттығуға қайта оралатынын айтты.

"Біз Грилиш үшін 100 миллион фунт стерлинг жұмсадық. Грилиш 10 нөмірді таңдады, біз Мессидің "Барселонада" қалатынына сенімді болдық. Дәл қазір біз Месси туралы ойламаймыз. Ол "Барселонамен" келісімге келген сияқты еді, сондықтан кешегі жаңалық бәріне тосынсый болды. Менің ойымша, Жоан Лапорта бүгін бұл мәселенің нүктесін қойды. Мен онымен де, Мессимен де сөйлеспедім, бірақ екеуі де ынтымақтастықтың жалғасқанын қалады. Лионельге "Барселонаға" көмектескені үшін алғыс айтамын. Мен оған болашақта сәттілік тілеймін", - деді Хосеп Гвардиола.

Неймар және оныншы нөмір

Катарлық "Аль-Садд" клубы үш жылдық жалақысы 1 миллиард еуроны құрайтын ұсыныс жасады. Бұл Мессидің бұрынғы серіктесі Хави жаттықтыратын клуб. Тіпті "Челсидің" қожайыны Роман Абрамовичтің де Леоның агентімен кездескені туралы ақпарат болды, бірақ бұл шындыққа жанаспайды, себебі лондондық клуб бар назарын Ромелу Лукакуға аударды. Ал Леоны Парижге ескі достары - Неймар мен Анхель Ди Мария шақыруда.

ПСЖ барлық мәселелерді тез шешіп, демалыста мәмілені жабуға тырысады. L'Equipe хабарлағандай, париждік клуб жылдық жалақысы 40 миллион еуро болатын үш жылдық келісім-шарт ұсынған. Италиялық журналист Никола Скираның мәліметі бойынша оның жалақысы 50 миллион еуроны құрамақ.

Айтпақшы, RMC Sport басылымы хабарлағандай, Неймар досы үшін оныншы нөмірмен қоштасуға дайын екен. Өз кезегінде Telefoot порталы Неймардың құрбандыққа бармайтынын және Мессидің 19-нөмірді таңдайтынын айтады. Біз мәселенің егжей-тегжейін жақын арада білетін боламыз, бірақ бразилиялық футболшы соңғы күндері Мессимен белсенді түрде сөйлесіп, оны ПСЖ-ның ұсынысын қабылдауға көндірген.

Мбаппе қалады. Погба келмейді

Қалай болғанда да ПСЖ құрбандыққа баруға мәжбүр болады, себебі қаржылық фэйр-плэй ережескн сақтау керек. Ал ең айқын нұсқа - Поль Погбаны сатып алудан бас тарту. Килиан Мбаппенің болашағы туралы жаңалықтар да желіні есіп жүр. Бірақ Маурисио Почеттино Мессидің келуі Мбаппенің командадағы болашағына әсер етпейді деп түсіндірді.

"Мессидің командаға қосылуы Мбаппенің кетуін білдіре ме? Жоқ, - деді аргентиналық маман. - Мессиге келетін болсақ, кеше не болғанын бәріміз көрдік. Бірақ мен ештеңе айтпаймын, біз тек алдағы маусымға және "Труамен" болатын матчқа назар аударамыз. Біздің спорттық директорымыз бен президентіміз команданы барлық жағынан күшейту үшін жұмыс жасауда".

RMC Sport журналисі Мохамед Буфасидің айтуынша, Леоның әкесі Хорхе Месси париждік клубтың өкілдерімен кездесіп, 2 + 1 жүйесі бойынша келісім-шартқа отыратынын айтқан. Дәл осы деректерді атақты инсайдер Фабрицио Романо да растады.

Айта кету керек, Месси "Барселонамен" 2023 жылы бұзу мүмкіндігі қарастырылған келісім-шартқа қол қоймақшы еді. Яғни, екі жылдан кейін Лео МЛС-ке кетуді немесе өзінің мансабын "Ньюэллс Олд Бойз" клубында аяқтауды жоспарлаған еді. Бірақ бұл жоспар кейінге қалуы мүмкін, себебі алда Париж тұр, Месси Неймар, Мбаппе, Ди Мария, Доннарумма, Рамос және Вайналдуммен бірге Чемпиондар Лигасын жеңуге тырысады.

Бұл трансферден зардап шеккендердің қатарында Агуэро да бар, ол досымен бір командада ойнағысы келіп еді. Айтпақшы, қазір оның адвокаттары келісім-шартты бұзу мүмкіндігін зерттеп жатыр. "Барселона" қиын жағдайға тап болды, ал париждік клуб өз арманына жету үшін жұлдызды ойыншылардың санын арттырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×