Месси рекорд жаңартты

12.07.2020, 07:32
Санаулы сəттер бұрын Ла Лиганың 36-турында «Вальядолид» өз алаңында «Барселонадан» (0:1) жеңілді.
Месси рекорд жаңартты

Жалпы бұл екі клуб арасындағы 89-матч. "Блауграна" - 59, "Вальядолид" - 14-інде басым түссе, 16 матч тең аяқталған. Бас-аяғы екі бəсекеде (Испания чемпионаты мен Кубогында) жолдары түйіскен. 

Каталония ұжымының маусымдағы жеңіліссіз сериясы 10 кездесуге жетті (7 жеңіс, 3 тең). Осымен 6 матч қатарынан бірінші болып қақпа кілтін тауып отыр. 

Ең қызығы осы маусымда Артуро Видаль "Вальядолид" қақпасына екі матчта да жеңіс голын салды. 

Ал чилилік жартылай қорғаушыны оңтайлы жағдайға шығарған Лионель Месси үшін бұл маусымдағы 20-нəтижелі пас. 

Лео - XXI ғасырда бір маусымда 20 нəтижелі пас пен 20 доп салған екінші, Испания біріншілігі тарихындағы тұңғыш футболшы. Сонау 2002-2003 жылы "Арсенал" сапында Тьерри Анри ғана əріптестеріне 20 нəтижелі пас беріп, 20 голдың авторы атанған. Сондай-ақ Месси "Барса" қатарында бір маусымда нəтижелі пас беруден Хавидің (19) жетістігіне түзету енгізді. 

Осы жылы "Вальядолид" "Атлетикомен" бір қатарда ең көп тең ойын (15 реттен) өткізген клуб. Сондай-ақ алаң қожайындарының 7 кездесуге созылған гол салу тізбегі үзілді. 

ЕСТЕЛІКТЕР

Негізі "Барселона" мен "Вальядолид" арасында жылы естеліктер жетерлік. Мəселен, 2011 жылы 11 қарашада "Камп Ноуда" Карлес Пуйоль, 1998 жылы 20 желтоқсанда "Нуэво Хосе Соррилья" стадионында 18 жастағы Хави "блауграна" жейдесіндегі алғашқы голын салған. Қала берді Хосеп Гвардиола түзде айып соққысынан "Барселона" сапындағы соңғы добын торда тулатқан-ды. 

Бұл "Барселона" үшін маусымдағы 46-ойын. Дегенмен ұжым əлі осы маусымда 100 гол салған жоқ. Бүгін 99-допты тоғытты. Ал бұндай ең нашар көрсеткіш 2009-2010 жылы Гвардиола енді тізгін ұстағанда тіркелген. Сол жылы маусым қорытындысында 101 голға 44 матч керек болыпты. 

Шәмкен Байырбек

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×