Қазақ футболының "Лео Мессиі" атанған Еркебұлан Сейдахметтің төңірегіндегі қауесеттерге нүкте қойылды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Соңғы уақытта отандық БАҚ беттерінде "Ақтөбенің" шабуылшысы Еркебұлан Сейдахмет туған клубы "Таразға” оралуы мүмкін деген ақпараттар желдей ескен болатын. Алайда футболшы sports24.kz порталына берген сұхбатында бұл қауесеттерді сейілтіп, өзінің қазіргі басты мақсатын ашық айтты.
Сейдахметтің айтуынша, оның "Ақтөбемен” әлі де жарамды келісімшарты бар және ол клубтан кетуді жоспарлап отырған жоқ. Ойыншының бар ынта-жігері биылғы маусымда алтын жүлде алуға бағытталған.
"Менің "Ақтөбемен" әлі екі жылдық келісімшартым бар. Қазір барлық ойым тек осы клубпен байланысты. Егер бұйырса, биыл “Ақтөбемен” бірге чемпион атануды армандаймын.” — деп мәлімдеді Сейдахмет.