«Месси10» концерттік шоуы өтті

06.02.2019, 06:17
«Месси10» концерттік шоуы өтті
«Ноу Камп» стадионында атақты Дю Солей циркінің «Месси10» деп аталатын жаңа шоуының жабық кеші өтті. Бағдарлама «Барселона» футболшысы Лионель Мессидің жетістікке толы өмір жолын паш етеді. Мәдени кеште Каталония клубына биыл қосылған жаңа ойыншыларды таныстыру рәсімі де болды. Аргентиналық футболшы жайлы шоу тек қазан айынан бастап ел назарына ұсынылады. Сосын әлемдік турға аттанады. Бағдарламада асқақ арманы бар жас жігіттің тарихы өнермен өрнектелген. Шеберлігі мен талантының арқасында ол талай кедергілерден өтіп, әлемдегі ең үздік «оныншы» жейделі ойыншы атанады. Салтанатты кеш басталмай тұрып, қызыл кілеммен 31 жастағы Месси әйелі және балаларымен жүріп өтті. Оның командаласы Луис Суарес пен «Барселонаның» бұрынғы қақпашысы Хосе Мануэль Пинто да кеш қонағы болды.

Мұхтар Омар Шариф, Дю Солей циркінің директоры

Менің бойымды керемет сезім кернеп тұр. Себебі адамдарға осы жоба туралы аздаған ақпарат беріп, ұзақ уақыттан бері жоспарлаған жұмысымыздың жемісін көрер сәт келді. Сондықтан кезекті өнерімізді көпшілікпен бөлісуге қуаныштымыз.

«Алтын доптың» бес дүркін иегері Лионель Мессидің балалық шағында денсаулығында кінәраттар болғаны белгілі. Оның бойы өсуін тоқтатып, гармондық ауытқулар байқалады. Емделу ақысы қымбатқа түскеннен соң ол Испанияға көшіп келеді. Және «Барселона» клубы барлық шығынды төлейді. Месси 13 жасынан бастап бүгінге дейін осы команда сапында ойнап жүр.      

Хосе Мануэль ПИНТО «Барселона» командасының бұрынғы қақпашысы

Мессидің спорттық мансабы аяқталып келеді деп ойламаймын. Ол әлі талай мәрте өзінің хас шебер екенін паш етеді. Қазір біз мұзтаудың шыңын көріп жүрміз. Жанкүйерлер секілді мен де оның ойынынан ұзақ уақыт ләззат аламын деген үмітім бар.

Дю Солей циркінің Мессиге арналған шоуының әлемдік премьерасы 10-шы қазанда Барселонада өтеді. Бағдарламаға 46 акробат және әртістер қатысады. «Мен өзімді  бақытты сезінемін, әрі Дю Солей циркіндегі достарымның мен туралы өнер туындысын жасағандарын мақтан тұтамын. Футболға деген құштарлық оларға осы бағдарламаны құрастыруға шабыт берді. Сіздерге ұнайды деген үміттемін» - дейді Месси әлеуметтік желідегі парақшасына.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×