Бұл, румыниялық маманның бапкерлік мансабындағы соңғы мүмкіндігі деу қаншалықты орынды?
Бахтиер Зайнутдинов ойнайтын Стамбулдың «Бешикташын» маусым соңына дейін Мирча Луческу жаттықтыратын болды. Түрік Суперлигасында тек төртінші орында тұрған клуб басшылығының румыниялық бапкерді бекер шақырмағаны анық. Былтырғы қарашадан жұмыссыз отырса да, кезінде Донецкінің «Шахтерімен» УЕФА кубогін ұтқан бапкердің тәжірибесіне сенім артылып отырған сыңайлы. Румыниялық маман Стамбулдық клубтың осы маусымдағы БЕСІНШІ бапкері екенін айта кетейік. Сексенге қараған шағында «Бешикташтың» тізгінін ұстаған Мирча Луческу жайлы осы орайда біраз қызықты мәліметтерді еске түсірсек. Бірден айту керек, бұл, Луческудің «Бешикташқа» бапкер болып екінші рет келуі. Румыниялық маман 2002-2004 жылдар аралығында Стамбулдық клубты жаттықтырған. Бір қызығы, ол өзінің алғашқы маусымында-ақ «Бешикташпен» топ жарды. Клуб басшылығына мұндай тарихи жайттар жақсы таныс. Сондықтан, Мирча Луческуді іштей ырымдап шақырған болар, кім білсін... Қалай дегенде де, Бахтиер Зайнутдиновтың командасының қазір Суперлигадағы жағдайы мәз емес. Стамбулдық ұжым чемпиондықты армандай-ақ қойса да болады. Чемпионаттағы алғашқы екін орынның тағдыры әлдеқашан шешіліп қойған. Ал Еурокубоктерде ойнауға мүмкіндік беретін алғашқы үштіктің қатарына ілінуге әлі де кеш емес. Нақты айтсақ, клуб басшылығы Еуропа лигасын көздеп отырған сыңайлы. Румыниялық маманды да осындай маңызды миссия үшін алдырып отыр.
Жетістіктері:
Мирча Луческудің бапкерлік мансабында талай команда болды. Түркияда «Бешикташтан» бөлек биыл жеке дара көш бастап, чемпиондыққа жақын тұрған «Галатасарайды» да жаттықтырды (2000-2002жж). Бапкер клубтық деңгеймен қатар, Ұлттық құрамалармен де жұмыс істеген. Бапкерлікке бет бұрған алғашқы жылдарындағы үлкен жетістігі - Румыния құрамасын 1984 жылғы Еуроға шығарды. Бұл, Румынияның мұндай ірі жарыстың финалдық кезеңіне 14 жылда алғаш рет жолдама алуы еді. Кейін, Мирча Луческу Түркия құрамасын да жаттықтырды. Десе де, румыниялық маманның танылуына Бухаресттің «Динамосы» мен «Рапид» секілді қос командадағы бапкерлік жұмысы ықпал еткен болатын. Мысал үшін, Бухаресттік клубпен Румыния біріншілігінде 1989-90 жылғы маусымда чемпион атанды. Арасында Румыния кубогіндегі бас жүлделері бар (1985-86,1989-90). «Рапидпен» де 1998-99 жылы топ жарып, әр жылдары Румыния Кубогі мен Суперкубогін ұтып алды. Өзінің Отанындағы осындай жемісті еңбегі еленіп, бапкерге Италиядан ұсыныстар түскен. Алайда, Мирча Луческудің 1990-96 жылдар аралығында баптаған итанлияның «Интер», «Пиза», «Брешиа» мен «Сампдория» секілді командалардағы жұмысын нәтижелі деп айтуға келмейді.
Шығыс Еуропадағы басты транзиттік клуб
Румыниялық маманның бапкерлік мансабындағы жарық жұлдызы, сөзсіз, ол әрине, Донецкінің «Шахтерімен» байланысты. Қарап отырсақ, Луческу Украиналық топ-клубқа дейінгі жұмыс орындарында ары кетсе 3-4 жыл ғана қызмет еткен екен. Ал «кеншілерге» өмірінің бақандай 12 жылын арнапты. Ал оның «Шахтермен» қандай жолды жүріп өткені баршаған аян. Донецкілік клуб Мирча Луческумен бірге тарихындағы тұңғыш Еурокубок трофейін олжалады. Сол бір 2008-2009 жылғы УЕФА Кубогінің финалындағы «Шахтер» - «Вердер» кездесуін тікелей эфирде тамашалағандардың бірі ретінде Донецкілік команданың сол кездегі құрамы жайлы жылы пікір айтуға хақымыз бар. Украиналық клубты өрге сүйреген - бразилиялық легионерлері еді. Ал Жадсон, Фернандиньо, Виллиан, Илсиньо секілді таланттардың трансферіне ұйытқы болған да осы румыниялық бапкер екенін барлығы біледі. Мирча Луческу кезіндегі «Шахтер» посткеңестік елдердегі клубтардың ішіндегі үздігі саналатын. Донецкілік клуб Еуропалық командаларды сапалы футболшылармен қамтамасыз ететін негізгі «транзиттік» командаға айналды. Румыниялық маман осы кездері Украинада бапкер ғана емес, тәп-тәуір менеджерлік қырымен де танылған. «Шахтер» табысты трансферлік саясат ұстанып, посткеңестік ауқымда ғана емес, әлемдік деңгейдегі клубқа айналды. Міне осындай тиімді жоба-жүйенің бастауында Мирча Луческудің еңбегі ерен болды.
Мирча Луческу:
«Ең бірінші Жадсон мен Фернандиньоны сатып алдық. Одан кейін өздерін Еуропада көрсеткісі келген тағы бірнеше футболшы – Илсиньо, Виллиан келді. Ең көп ақша соңғысына жұмсалған болатын. Ал Виллианның ең ақырында қандай деңгейлі футболшы болғанын өздеріңіз де білесіздер. Алайда, Украина чемпионатында да легионерлерге шектеу бар. Уақыт өте келе біз мынадай нұсқаға тоқтадық: қақпашы мен қорғаныста украиналықтар ойнайды, ал шабуыл өті – бразилиялықтардан тұрады».
«Зенит» пен «Динамо» Киевтегі кезең
Сонау алыс екі мыңыншы жылдары Мирач Луческу осылай деп кетіпті. Украиналық клубпен толайым табысқа жеткен румыниялық бапкердің мұндай ұстаным қазір де өзекті секілді, иә? Өкінішке қарай, кез-келген генийдің тығырыққа тірелетін кезі, кезеңі келетіні белгілі. Мирча Луческудің сондай этапы Донецкіден кейінгі «Зенит», «Динамо» Киевтегі жұмысымен тұспа-тұс болды. Қос клубтағы ауыз толтырып айтарлық жетістігі – питерлік командамен 2016 жылғы маусымдағы Ресей Сурперкубогін алды, «Динамо» Киевпен 2020-2021 жылы чемпионатты ұтты. Осыдан басқа Луческу-бапкердің бүгінге дейін мақтанып айтатындай титулы жоқ. Осы кезеңді Румыниялық маманның Санкт-Петерборлық клубқа келуін үлкен қателік деп мойындаған пікірімен сипаттап кетсе де болады. Сонымен, Түрік Суперлигасының соңғы ширегінде Мирча Луческу өзіне жақсы таныс «Бешикташ» тізгінін екінші қайтара ұстады. 78 жасар бапкер Стамбулдық клубты тығырықтан шығара алады ма?
Біздің серіктес: FONBET