Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан құрамасының бас бапкері: Нестеренконы таңдауда қателескем жоқ

06.06.2011, 17:22
Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан құрамасының бас бапкері:    Нестеренконы таңдауда қателескем жоқ

Соңғы рет қашан жеңгеніміз есімізде жоқ. Оманды жолдастық кездесуде, әлем біріншілігінің іріктеу сындарында Андоррадан айламызды асырғандығымызды білеміз. Бірақ, аталмыш командаларды алдымызға салар болсақ, қазақ футболы айтып керегі не? Сондықтан, Әзірбайжан құрамасын жеңу шөліркеп ішкен судай сіңімді әрі футболға деген сөнгелі тұрған сүйіспеншілігімізге қайта жан бітіргендей болды. Сол себепті, бұл ең біріншіден қазақ жанкүйерлерінің жеңісі десек, еш қателеспеген болар едік. Өйткені, ешбір елдің жанкүйері дәл біздегідей ұзақ уақыт жеңіс үшін болыса алмас.

Чех маманы Мерослав Беранек келгелі ұлттық құрама өзгеше құбылып, мүлдем ойын мәнерін өзгертті десе де болады. Бернд Шторк командасы секілді келісті ойынға емес, сәті түсске гол салатын нәтижелі мәнерге көшкен секілді. Шынтуайтында бізге де керегі осы. Беранек Қазақстанға келгелі өз командасын жасау үшін ішкі біріншіліктің әр кездесуін қалт жібермей жүргендігін естіген едік. Бәлкім, бұл жеңіс сол таңдау таразысынан өткен сақа спортшылардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандығында болар.

Қазақ футболының аяқ алысын байқаған неміс бапкері Иоахим Лев «Қазақстан құрамасы Әзірбайжан командасынан басымырақ» деп кездесуалдында пікір қалдырған екен. Расында да, көреген көздің пайымымен айтылған бұл пікір шындыққа айналды. Қазақстан мен Әзірбайжан құрамасының арасындағы ойында алаң иелері жеңіске әбден лайықты болды. Жеңіс үшін шығып, дегенінен жетті. Ең бастысы, командада жігер мен мінез болды. Мұны кездесуді тамашалаған әрбір қазақстандық байқаған да болар.

Беранек бапкердің шәкірттері қонақтар қақпасына 4 рет дәл соққы бағыттаса, Әзірбайжан футболшылары 1 рет қауіп төндірген. Осы бір нәтижелі соққы біздің қақпада голмен аяқталды.  Қазақтар 10 рет Әзірбайжан айып алаңына бас сұқса, қарсыластарымыз 6 рет біздің айып алаңға кірген.  Біз 4 мәрте бұрыштан доп асырсақ, қонақтар мұндай бақытқа тек  3 рет ие болыпты. Осының өзі үлкен жетістік.

Қазақ футболшыларының әрқайсысы алаңдағы міндеттерін ойдағыдай атқарды десе де болады. Тек, қарсыластардың ұйымдастырған өткір шабуылы кезінде қақпашы Роман Нестеренконың жүрісінен жаңылысып, қолда бар жеңісті бір сәтте уысымыздан шығарып алуына тура келді. Әрине, бұл Давид Лорияның жарақатының салдарынан құрамаға келген ойыншы екендігін ескере, қатты сын садағына ілінген де жоқ. Сондай-ақ, Нестеренконың өрескел қателігін ұлттық құрама сапында дебютті кездесуін өткізген жаңа шабуылшы Сергей Гридин (кездесудің бас қаһарманы) жуып шайды. Ал, Роман нестеронко туралы бас бапкер Мирослав Беранек:

– Әзірбайжан құрамасымен кездесуге барынша дайындалдық. Өйткені, алдымызға қойған мақсат – қалай да жеңіске жету. Қуанышымызға орай, жеңіс мерекесін де тойладық. Бұл кездесудің бас қаһарманы Сергей Гридин жайлы асыра айтқандығымыз жараспас. Ол өзінің қандай футболшы екендігін салған голдары арқылы дәлелдеді. Ал, біз үшін кездесу алдында Лорияның орнына кімді алу керектігін ұзақ ойландық. Нәтижесінде, Роман Нестеренконы лайықты деп таптық. Бұл хақында еш қателескен де жоқпыз, – дейді.

Чех маманы келгелі жолдастық кездесуде Белорусь құрамасымен тең ойнадық, азулы Германиядан ұтылдық және Әзірбайжан құрамасын 2-1 есебімен жеңдік. Қысқасы, жеңу де, жеңілу де, тіресу де қолымыздан келетіндігін дәлелдеді. Қазақ футболы өз ойынын, өз бапкерін тапқандай.

 

Қазақстан – Әзірбайжан – 2:1

Голдар: Гридин 57 (1:0), Надыров 63 (1:1), Гридин 68 (2:1)

Ескерту: Шмидтгаль 77

Қазақстан: Нестеренко, Логвиненко (Рожков 65), Мұхтаров, Нұрдәулетов (К), Гетериев, Сымақов, Щмидтгаль, Хайруллин (Киров 82), Қонысбаев, Гридин, Остапенко (Хижниченко 79)

Қосалқы құрам: Сидельников, Мұжықов, Көкеев, Байжанов

Әзірбайжан: Агаев, Меликов, Садигов, Джавадов, Алиев (Гусейнов М 70), Садыгов (к), Гусейнов Д (Надыров 61), Медведев, Левин, Исмайлов

Қосалқы құрам: Велиев, Амирджанов, Чертоганов, Гусейнов В, Амиргулиев

Бас төреші: Юан Норрис (Шотландия)

3 маусым. «Астана-Арена»

Смайыл ЖАН.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×