"Ливерпуль" жұлдызы Мохамед Салах клубтағы жағдайына қатысты мәлімдеме жасап, бас бапкер Арне Слотпен арадағы қарым-қатынасының нашарлағанын және клубтағы белгілі бір адамның оны командада көргісі келмейтінін айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Өткен маусымның соңында жаңа келісімшартқа қол қойған "Ливерпуль" ойыншысы "Лидс Юнайтедпен" 3-3 есебімен тең түскен ойыннан кейін журналистерге сұхбат берді. Бұл оның қатарынан үшінші ойында қосалқы құрамда қалуы және матч бойы алаңға шықпауы оның ашуын туғызған.
"Мен бұл клуб үшін жылдар бойы, әсіресе өткен маусымда, көп еңбек сіңірдім. Енді мен қосалқы құрамда отырмын және оның себебін білмеймін. Клуб мені жай ғана лақтырып тастағандай сезінемін. Мені барлық кінәні өз мойныма алуымды қалаған сияқты. Жазда маған көп уәде берілді, бірақ үш ойын қатарынан қосалқы құрамда отырған соң, олардың уәдесін орындады деп айта алмаймын.” – деді Салах.
Мысырлық шабуылшы бас бапкер Слотпен арадағы қарым-қатынасының кенеттен нашарлауына таңғалғанын жеткізді:
"Мен бұған дейін онымен жақсы қарым-қатынасым бар екенін көп айтқанмын, бірақ кенеттен барлығы бұзылды. Неліктен екенін білмеймін, бірақ менің көзқарасым бойынша, біреу менің клубта болғанымды қаламайтын сияқты."
Мо Салах 15 желтоқсанда Мысыр құрамасымен Африка Ұлттар Кубогы турниріне аттанады. Келесі сенбіде Энфилдте өтетін "Брайтонға" қарсы матч оның турнир алдындағы соңғы ойыны болмақ. Алайда, оның мәлімдемесі бұл матч оның "Ливерпульдегі” мансабының соңғысы болуы мүмкін екенін меңзейді:
"Мен отбасыма: "Брайтонға” қарсы ойынға келіңдер. Ойнаймын ба, жоқ па, сосын не болатынын білмеймін” дедім. Мен жанкүйерлермен қоштасу үшін Энфилдте боламын және Африка кубогына аттанамын.” – деді Салах.