Ағылшын Премьер лигасының қарқыны, "Энфилдтегі" жанкүйерлердің гүрілі, Коптың махаббаты — жеті жыл бойы Мохамед Салахтың әлемі осындай болды. Алайда қысқы трансфер терезесі жақындаған сайын, жаңа бір әуен оның құлағына естіле бастады. Бұл жолы Босфор жағалауынан.
Мысырдың "Патшасы", "Ливерпуль" тарихының аңызға айналған ойыншысы, енді мансабының келесі парағын Түркия жерінде ашуы мүмкін.
Стамбұлдың мақтанышы — "Галатасарай” — Салахты өз сапына қосуға батыл жоспар құрып жатыр деген ақпарат тарады. Клуб басшылығы оны жай ғана ойыншы емес, нағыз символ, амбицияның көрінісі ретінде көреді. Соңғы жылдары жұлдыз саясаты арқылы Икарди мен Гюндоганды қатарға қосқан "Галатасарай” енді Салах есімімен Түрік футболының беделін одан әрі арттырмақ.
Дегенмен, бұл арманның жолында үлкен кедергілер бар. Ең бастысы — Салахтың "Ливерпульмен” келісімшарты, оған сәйкес ойыншы жылына 25 миллион еуро жалақы алады. Мұндай соманы төлеу тіпті Түркияның ең бай клубтарының өзіне ауыр соққы болуы мүмкін. Дегенмен, "Галатасарай" үмітін үзбей отыр. 33 жастағы Салахтың мансабы жаңа кезеңге аяқ басқанын ескеріп, жалақыны 15 миллион еуроға дейін түсіру нұсқасы қарастырылуда. Бұл екі тарап үшін де тиімді ымыра ретінде көрініп отыр.
Салахтың "Ливерпульдег" жеті жылы – шын мәнінде аңызға айналған кезең. 2017 жылы "Ромадан” 42 миллион еуроға келгелі бері ол клубтың ең жарқын тұлғаларының біріне айналды. 411 матчта 248 гол соғып, 116 нәтижелі пас берген Мысырлық шабуылшы қазіргі заман футболының ең үздік ойыншыларының бірі саналады.
Қазіргі келісімшарты 2027 жылға дейін жарамды, ал нарықтық бағасы шамамен 50 миллион еуро деп бағалануда. Соған қарамастан, "Ливерпульдің” тарихында өшпес із қалдырған Салах үшін жаңа ел, жаңа чемпионат мансаптың соңғы тарауын жарқын жалғастыру мүмкіндігі болуы мүмкін.
Бұл жай ғана трансфер емес, бұл бір дәуірдің жабылып, жаңа сапардың басталуы. Егер бұл келісім жүзеге асса, Салах Түркияға тек жұлдыз емес, тәжірибесі мен харизмасын ала келетін нағыз әлемдік көшбасшы болмақ. Ол Босфор аспаны астында жаңа дастан жазып, футбол әлеміндегі мәртебесін одан әрі бекіте түсер еді.