Мүдделілер “Offside” сериалын бұғауттауға көшті ме? Рүстем Омаровтың туындысы біреулердің ашуына тиген сияқты

27.10.2025, 17:15

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов өз парақшасында "Offside" сериалының төңірегінде туындаған жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, отандық футбол саласындағы былық пен әділетсіздікті әшкерелейтін туындыны бұғаттауға кейбір мүдделі топтар әрекет жасап отыр.

Мүдделілер “Offside” сериалын бұғауттауға көшті ме? Рүстем Омаровтың туындысы біреулердің ашуына тиген сияқты

Депутаттың айтуынша, режиссер Рүстем Омаровтың фильмі соңғы онжылдықтарда қалыптасқан футболдағы лас жүйенің шынайы бейнесін көрсете алған.

"Сериалда сатқан-шатқан шенеуніктер мен букмекерлік құрылымдар бірігіп, мыңдаған жас футболшылардың арманын күйреткен жүйе әшкереленеді. Мұнда бәрін ақша басқарып отыр — ойындар сатып алынады, бапкерлер мен төрешілер бұйрықпен әрекет етеді, ал футболшылар тауарға айналған.” — деп жазды Әбенов.

Ол сондай-ақ, легионерлерге шектен тыс тәуелділікті сынға алды:

"Неліктен Қазақстандықтар “Астананың” жеңілісіне қуанды? Себебі командада өзіміздің ойыншылар аз. Халық жас болса да отандық жігіттердің өнерін көргісі келеді — Дастан, Шерхан, Темірлан сияқты таланттар ел намысын қорғай алады. Ал жалақы үшін келген легионерлерге ел де, ту да бәрібір.” — деді депутат.

Әбеновтің айтуынша, фильм Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың футболды ұлттық спорт ету бастамасын қолдауға бағытталған. Ол жаңа министр Ербол Мырзабосынов пен ҚФФ басшысы Марат Омаровқа үндеу тастап, жүйені тазарту қажеттігін ескертті.

"Президент тапсырмасын орындап, бюджеттік және квазимемлекеттік қаржы есебінен легионер сатып алу тәжірибесін тоқтатыңыздар. Егер енді әрекет етпесеңіздер, келесі жылы жауапкершілік өз мойындарыңызда болады." — деп жазды ол.

Сондай-ақ депутат сериалдың бұғатталуына букмекерлік компаниялар, легионерлерден пайда көретін тұлғалар және ойын сатып алуға қатысы бар топтар мүдделі болуы мүмкін екенін айтты.

"Ондай адамдардың ақшасы көп, олар видео платформаларда бұғаттау ұйымдастыра алады. Егер бұл жалғаса берсе, мен Бас прокуратура мен Мәдениет министрлігіне ресми түрде жүгінемін. Реформаны, әділдікті және тазалықты насихаттайтын шығармаларды қолдауымыз керек. Өзіміз түсіре алмасақ та, кедергі жасамауымыз қажет." — деді Әбенов.

Мұрат Әбенов “Offside” сериалын — қазақ футболындағы жүйелік мәселелер мен сыбайластықты ашып көрсеткен батыл туынды деп бағалады. Ол бұл фильмді бұғаттауға тырысқандар — спорттағы әділдік пен реформалардан қорқатындар екенін айтып, билік өкілдерін нақты қадам жасауға шақырып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 12
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×