Мұнайшылар бапкері командадан кетті

26.02.2026, 14:49

Белоруссиялық маман Виталий Жуковский "Атырау" клубының бас бапкері қызметінен ресми түрде кетті, деп хабарлайды Aladop.kz.

Мұнайшылар бапкері командадан кетті

Естеріңізге сала кетейік, небәрі екі ай бұрын, яғни 2025 жылдың 29 қарашасында Жуковский клубпен келісімшартын 2026 жылдың соңына дейін ұзартқан болатын. Алайда, клуб басшылығындағы ауыс-түйіс бапкер мен ұжымның жоспарын түбегейлі өзгерткен көрінеді.

"Біз "Атыраудың” жаңа басшылығымен келісімшартты тоқтату туралы ортақ мәмілеге келдік. Қазір команда Түркістанға оқу-жаттығу жиынына ұшып кетті. Ал менің билеттерімді ауыстырып берді, қазір Минскіге бет алдым. Ресми құжаттарды күтіп отырмын." — деді Жуковский football.by порталына берген сұхбатында.

Жуковскиймен бірге оның сенімді серіктестері мен көмекшілері де командадан біржолата аттанды. Олардың Белоруссиялық мамандар Андрей Мисюк, Павел Плют және Сергей Туранок.

Сонымен қатар, отандық жаттықтырушылар Ренат Абдуллин мен Біржан Хабит те өз міндеттерінен босатылды. Бұл "Атыраудың” жаттықтырушылар штабының толықтай жаңаратынын білдіреді.

Осылайша 2026 жылғы ҚПЛ маусымы басталуға жақын уақытта “Атырау” бапкерсіз қалып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×