Елордалық “Астананың” бұрынғы жартылай қорғаушысы, қазіргі таңда Қазандық “Рубин” сапында өнер көрсетіп жүрген Назми Грипши Ресей Премьер лигасының 20-турындағы “Краснодарға” қарсы өткен кездесуден (2:1) кейін өз ойын білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
“Бұқалар” қақпасына гол соққан Албан футболшысы Sport.business-gazeta.ru-ға берген сұхбатында Ресей мен Қазақстан чемпионаттарын салыстыра отырып, жаңа ортаға бейімделу барысы туралы айтты.
Журналистер алдымен одан Қазақстандағы көрсеткіштерін Ресейде қайталай алу-алмайтынын сұрады.
“Ойын алдында маған: “Қазақстан чемпионатында көрсеткен нәтижеңді мұнда қайталай аласың ба?” деген сұрақ қойылды. Мен Ресей чемпионатының деңгейі мүлдем басқа екенін жақсы түсінемін. Бұл — жаңа сынақ.” — деді футболшы.
Назми Грипши екі лиганың айырмашылығын мойындай отырып, “Рубинге” барынша пайда тигізуге тырысатынын жеткізді.
Футболшы РПЛ-дің қарқыны мен деңгейі жоғары екенін атап өтті.
Ол қазіргі уақытта “Рубиннің” негізгі ойыншысына айналу үшін бар күшін салып жатқанын және алдағы матчтарда өзін дәлелдеуге ниетті екенін айтты.