Mundo Deportivo: “Сатпаевтың алғашқы голы – нағыз өнер туындысы”

23.09.2025, 11:15

Испанияның әйгілі "Mundo Deportivo" басылымы  "Қайраттың" Премьер лигадағы жеңісіне  тоқталды. Кеше өткен сегізінші турдың кейінге шегерілген матчында Алматылықтар өз алаңында "Жеңісті" 3:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын бекемдей түсті.

Mundo Deportivo: “Сатпаевтың алғашқы голы – нағыз өнер туындысы”

"Бұл кездесудің басты қаһарманы небәрі 17 жастағы жас жұлдыз Дастан Сатпаев. Келесі маусымнан бастап Лондонның "Челси" клубының жейдесін киюі жоспарланған шабуылшы бұл ойында дубль авторы атанды.

Алғашқы гол нағыз шедевр! Нөмірі 9 ойыншысы айып алаңы сызығында допты шебер тоқтатып, қарсылас қақпасына қуатты соққы жасады. Бұл соққыны "Жеңіс” қақпашысы тосып қала алмады.

37-минутта Сатпаев өзінің жылдамдығы мен хас шеберлігін тағы бір дәлелдеп, қорғаушылардан озып барып, допты қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттады.

Екінші тайм басында қонақтардан Исламбек Қуат есепті қысқартқанымен, матч соңына қарай Бразилиялық легионер Рикардиньо нүктені қойып, үшінші голды соқты.

Осылайша "Қайрат” 52 ұпай жинап, басты қарсыласы "Астанадан” екі ұпайға озып тұр. Чемпиондық тағдыры 26 қазанда Алматыда өтетін "Қайрат" – "Астана”  матчында түпкілікті шешілуі мүмкін.” – деп жазды Испаниялық БАҚ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 11
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×