Мұрат ӨНАЛ: «Шахтердің» реті келмеді»

07.01.2012, 20:16
Мұрат ӨНАЛ: «Шахтердің» реті келмеді»

Еуропада футбол ойнап жүрген жалғыз қазақ футболшысы Мұрат Өнал туралы газетіміздің өткен жылғы 16 шілдедегі нө­мірінде жазған едік. Сол мақаладан кейін Мұратты ел тани бастады, еліміздегі футбол клубтарының да қызығушылығын туғызды. Өткен жылғы ел чемпионы – Қарағандының «Шах­тері» алғашқы болып бұл футболшыны Антальяда өткен оқу-жаттығу жиындарына да шақырған еді. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, бір дайындық матчында тіпті 2 гол соғып, 3 гол пасын берген Мұрат Өнал бұл клубпен келісім-шартқа отыра алмады. Себептерін білу үшін Мұратпен осы жаттығу жиындарынан кейін ғаламтор арқылы әңгімелескен едік. – «Шахтердің» Антальядағы оқу-жаттығу жиынына шақырылдың. Жалпы, бұл жиын сен үшін қалай өтті? – Оқу-жаттығу жиыны жақсы өтті, мен үшін ерекше бір тәжірибе болды. Мықты футболшылармен бірге ойнау мен үшін әрқашан қызық. Қазақ футболшылардың техникасы ұнады және олармен қазақша сөйлесіп, ойнау өте керемет нәрсе. – Команда сені қалай қарсы алды? – Команда мені өте жақсы қарсы алды. Кейбір жігіттер менің өзімді еркін сезінуім үшін қолдарынан келген көмектерін аямады, оларға ризашылықтарымды білдіремін. – «Шахтермен» келісім-шартқа отырмадың, себеп не болды? – Мені легионер ретінде ала алмайтындықтарын айтты. Яғни, бұл квотаға олар басқа шетелдік футболшыларды қарауда. Ал, мені егер Қазақстан азаматтығын алсам командаға алатындарын айтты. Бірақ, мен Қазақстан азаматы емеспін. Клуб президенті Ерден Халилин мені командаға алу үшін, азаматтық алып беру үшін қолынан келгенін жасады. Бірақ, бір аптадан кейін мұндай қысқа мерзімде азаматтық алу мүмкін емес екенін айтты. Ерден ағаға ризамын, ол қолынан келгенін істеді, оған барлық ісі үшін алғысымды білдіремін. Демек, бұл командаға бару маған бұйырмаған. – Басқа командалардан шақыру келсе, барасың ба? – Футболда барлық нәрсе мүмкін. Ешқашан “болмайды” деп айтуға болмайды. Егер барлық жағынан келісіп жатсақ, әрине, басқа командаларға да баруға болады. Әңгімелескен Аршат ОРАЗОВ, «Егемен Қазақстан».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
FIFA 12 ойыны
Серіктес жаңалықтары
×