"МЮ"-"Барселона": матч қонақ команданың жеңісімен аяқталды

11.04.2019, 09:08
 Мәссаған! Тіпті, "МЮ" ойыншылары Тер Штеген қақпасына бірде-бір тура соққы бағыттай алмады.
"МЮ"-"Барселона": матч қонақ команданың жеңісімен аяқталды
 Мәссаған! Тіпті, "МЮ" ойыншылары Тер Штеген қақпасына бірде-бір тура соққы бағыттай алмады. Чемпиондар лигасының бүгінгі ширек финалында  "Барселона" "қызыл сойқандарды" осымен 6 рет ұтты. "Тұманды альбионға" аттанған "Барселона" Испанияға маңызды жеңіспен оралмақ.  "Манчестер Юнайтед" (Англия) - "Барселона"(Испания) 0:1 Гол авторы: Люк Шоу (автогол) 12 мин. "Олд Траффорд" стадионы. 74 093 жанкүйер. Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындарында көп голдың соғылуы некен-саяқ. Сондықтан, Вальверде мен Сульшер шәкірттерінің бүгінгі ойынына мін арту артық болар. Оның үстіне осыған дейін қатарынан 3 рет ширек финалдан ары аса алмаған "Барса" да, алдыңғы "ПСЖ"-мен өткен ойындағы өз алаңында аузы күйген "қызыл сойқандар" да сақ қимылдады. Алғашқы матчтың тағдырын бір ғана сәт шешшіп кетті.   Каталондық футболшылардың 12 минуттағы жылдам шабуылында Луис Суарестің баспен бағыттаған соққысы Люк Шоуды жанап өтіп, қақпадан табылды. Ал ойында одан бөлек, мынандай қызықты жайттар тіркелді.
  • "Барселона" "Олд Траффордта" бірінші рет жеңіске жетіп отыр. Бүған дейінгі өткізген 4 ойынның 2-еуінде ұтылып, 2-еуінде тең түскен.
  • Лионель Месси кезегі ойынды қосқанда Чемпиондар лигасының ширек финалдық ойындарында  2200 минут бойы гол соға алмай келеді. Демек, аргентиналық осымен 24 ойын голдан құралақан қалды.
  • Дәл осындай көрсеткіш Луис Суаресте де бар. Оның Чемпиондар лигасы аясындағы сырт алаң ойындарындағы голсыз сериясы 17 матчқа, яғни 1599 минутқа жетті.
  • "Армандар театры" аталатын стадионда өткен бүгінгі ойында алаң иелері қарсылас қақпасына бірде-бір тура соққы бағыттамапты. Өз кезегінде бұл да "МЮ" үшін антирекорд. Соңғы рет дәл осындай жағдай сонау 2005 жылдың наурызында қайталанған.

             Шамкен БАЙЫРБЕК. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×