Маусым айында Қазақстан футбол федерациясының шақыруымен Армения астанасы – Ереванға жолымыз түсті. Бұл елдің ұлттық құрамасы соңғы жылдар бедерінде үлкен көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Осы командамен біздің ұлттық құрамамыз жолдастық кездесу өткізді. Шеберлігі басым армяндар жеңіске жетті, ойын соңынан намыстан жарыла жаздағалы тұрған жас жігітке көзім түсті…
Ызаға булығып тұрған адамды әңгімеге тартудың қиын екені белгілі, бірақ тәуекелге бардым. Бұл – жастығына қарамастан мамандар мен жанкүйерлерден оң бағасын алып үлгерген жас футболшы Бауыржан Исламхан бола-тын. Оңбай ұтылған құрамамыздың сапында өнер көрсеткен жартылай қорғаушының жеке басына мін таға алмадық. Бірақ құрама ұтылғасын жеңіліс ортақ қой, оның ашуланатынындай бар еді.
- Бауыржан, жеңілуімізге не себеп болды деп ойлайсың?
- Өзіңіз де байқаған боларсыз, қорғаныста өте сүреңсіз ойнадық. Одан кейін гол соғатын мүмкіндiктеріміз де аз болмады. Бірақ соны пайдалана алмадық, ал алаң иелері жоқтан бар жасай білетіндерін мойындатты. Олар намысты екен, дегенмен терезесі тең бәсекелесуге әбден болар еді, әттең…
Міне, Бауыржандай батыр атасының есімін арқалаған жас талант өкінішін осылай ортаға салды. Сөзінің жаны бар. Армяндар өте намысшыл екендіктерін талай мәрте дәлелдеді. Жеңіске жетелейтін қасиеттердің бірі – намыс. Еуропаның белді командаларын ұтып, тосын оқиға тіркеп жүрген, шетелдерде туған армян ұлтының өкілдерін қатарға тартқан Армения құрамасы жайлы ұзақ әңгімелеуге болады. Бірақ біздің бүгінгі әңгімеміз намыс жайлы.
Өздеріңізге мәлім, еліміз құрамасын жаттықтырған бапкерлеріміз Қазақстанда туған бірнеше футболшыға, сондай-ақ елімізге еш қатысы жоқ ресейлік екі ойыншыға төлқұжат әперіп, құрамды күшейтпек болды. Алайда құрамымыз күшейді деп айта алмаймыз. Әлгілердің ішінен тек Генрих Шмитдгаль ғана үмітті ақтап жүр. Ал Михаил Рожков бастаған өзге футболшылар қою шаңның арасына сіңіп, жоқ болды. Осы тұрғыда ойға қалдық. Егер біз де армяндар сияқты бойында өз ұлтының қаны бар ойыншыларды тартсақ, мүлдем басқа болар ма еді? Құдайға шүкір, сыртта доп теуіп, шеберлігін мойындатқан қазақ жастары жоқ емес. Түркияда туып-өскен, Голландияда футбол ойнап көпке танылған Мұрат Өналдың бір өзі сөзімізге дәлел. Іздесек табамыз деп ойлаймын. Германиядағы немістердің арасын түртпектеп жүріп, қазақ жеріне қатысы барларын таба алдық қой. Ендеше өзге жақта жүрген қазақ футболшыларын да дұрыстап ізделік, талантын тани білейік.
Соңғы жылдары ұлттық құрама қатарында қаракөздеріміздің қатары көбейе бастады. Көңіл қуантатын үрдіс. Бірақ әлі де есік-тереземіз бүтінделді деп айта алмаймыз. Өзбектерге, армяндарға, грузиндерге, әзірбайжандарға т.б. қарап тұрып қызығасың. Аталған елдердің ұлттық құрамаларының аты затына сай. Осы тұрғыда Қазақстан құрамасының қатарындағы қазақ футболшыларын түгендеп көрсек. Таңат Нөсербаев, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Жолшиев, Бауыржан Байтана, Бауыржан Исламхан, Ерзат Кенбаев, Елдос Ахметов т.б. футболшылар ойымызға бірінші оралады.
«Астана» командасының өкілі Таңат Нөсербаев Мирослав Беранектің сеніміне мықтылап тұрып кірген шабуылшы. 1987 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген Таңат 2006 жылы «Ордабасы» командасының негізгі құрамына алынып, аз ғана уақыттың ішінде өзін жақсы қырынан танытты. 2008 жылдың тамыз айында еліміздің жастар құрамасына шақырту алған Нөсербаев Польша командасымен ойында екі бірдей гол соғып, жарқ ете қалды. Кейінірек оған швейцарияның белді клубы – «Янг Бойз» қызығушылық білдірді. Алайда келісімшарт мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келе алмаған швейцариялық пен Таңат Нөсербаев арасындағы байланыс үзілді. 2008 жылдың қазан айында ол Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Бұл әйгілі «Уэмблидегі» Англия құрамасына қарсы бәсеке болатын. Ал бас командамыздың қатарындағы алғашқы голын Таңат Украина құрамасының қақпасына енгізді. Қазіргі уақытта Нөсербаев ұлттық құрамамыздың белді мүшесі.
Ұлан Қонысбаев. 1989 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген Ұлан 8 жасында отбасымен Таразға қоныс аударады. 2008 жылдан бастап «Тараз» командасының қатарын толықтырған жартылай қорғаушы Қонысбаев алғашқы маусымда-ақ 7 гол соғып, көзге түсті. Сәл кейінірек ол еліміздің жастар құрамасының сапына алынып, ол жақта да көпшілікті шеберлігіне тәнті етті. 2010 жылы Ұлан Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алды. Осы команданың қатарындағы алғашқы кездесуін ол 2011 жылдың 9 ақпанында Белоруссия құрамасымен өткізді. 2011 жылдың 2 қыркүйегінде Ұлан Қонысбаев Түркияда жергілікті құраманың қақпасына әдемі гол соқты. 2012 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі аясындағы бұл кездесу жанкүйерлердің жадынан шыға қойған жоқ болар. 2011 жылы Ұлан Қонысбаев Қазақстанның үздік футболшысы атанды және Қарағандының «Шахтер» командасымен бірге еліміздің чемпионы деген атаққа қол жеткізді.
Бауыржан Исламхан. 1993 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Бауыржан осы қаланың бас командасының намысын жырта жүріп көпке танылды. Талантты жартылай қорғаушы көп ұзамай-ақ еліміздің жастар құрамасына шақырту алды. Одан кейін Мирослав Беранектің назарына іліккен Бауыржан Исламхан ұлттық құрамамыздың сапынан орын алды. Ағымдағы жылдың басында Ресейде ұйымдастырылған «ТМД кубогында» Исламхан үздік футболшы деп танылды.
Жамбыл Көкеев. Қазіргі уақытта ұлттық құрама сапынан көрінбей жүр. Ол 1988 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2004 жылы 17 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының қатарына алынып, үш кездесуде 1 гол соқты. 2006 жылы 19 жасқа дейінгі еліміз құрамасында өнер көрсеткен Көкеев мамандар тарапынан оң бағаға ие болды. Соның арқасында ол сол жылы-ақ алдымен жастар құрамасының, одан кейін ұлттық құраманың ойыншысы атанды. Яғни 2006 жылдан бастап ұлттық командамыздың қатарында 25 кездесуге қатысып, 2 гол соққан Жамбыл Көкеев Қарағандының «Шахтерымен» бірге екі мәрте ел чемпионы атанды. 2008 жылы ол еліміздің үздік жас футболшысы деп танылды. Жамбылдың атақты «Уэмбли» стадионында Англия құрамасының қақпасына гол соққаны жанкүйерлердің есінде. Демек, ол – ТМД елдері бойынша ағылшындар қақпасына «Уэмблиде» гол соққан алғашқы футболшы. Сол сияқты Жамбыл Көкеев ұлттық құрамамыздың қатарына іліккен ең жас футболшы ретінде де дараланады. Оның бұл реттегі көрсеткіші – 17 жас, 4 ай, 25 күн.
1992 жылы Таразда өмірге келген Бауыржан Байтана да жанкүйерлердің сүйікті футболшысы. Болашағынан зор үміт күттіретін жартылай қорғаушыға Испанияның, Англияның футбол клубтары құда түспек болды. Бірақ олар Байтана өнер көрсететін қазақстандық клубтың рұқсатын ала алмады. Қазіргі кезде Бауыржан Байтана «Атырау» командасының намысын қорғап жүр. Қазақстан құрамасының қатарындағы алғашқы кездесуін Астанада Австрия командасымен өткізді. Кейінірек ол Венадағы қарымта ойынға да қатысқан болатын.
Бауыржан Жолшиев 1990 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. Жас кезінде отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келіп, футбол әліппесіне біздің елде қанығады. Ол 2008 жылы «Алматы» командасының сапына алынды. Кейінірек «Атырауға» ауысты, ал 2011 жылдан бері «тобылдың» жейдесін киіп жүр. Осы команданың сапында ол 11 голдың авторы атынды. 2010 жылы Қазақстанның жастар құрамасына алынса, 2012 жылдан бастап бас командамыздың намысын қорғай бастады. Бауыржан, әсіресе, биылғы маусымның басында тәуір өнер көрсетті, бірақ кейінірек босаңсып кетті. Бойында шебер футболшыға тән қасиет көп Жолшиев аянбай тер төксе биік-терді бағындыруға тиіс.
Міне, әзірге осы футболшыларды қысқаша таныстырдық. Алдағы уақытта тізімді ұзарта түсеміз және жас таланттарымызбен сұхбат ұйымдастыратын боламыз.
Шалқар ЕСТЕН