"Қайрат" капитаны Александр Мартынович Қазақстандық футболдың іштен іріп жатқан мәселелерін ашық айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Тәжірибелі қорғаушы "Ақтөбеге” қосылған Португалиялық жұлдыз Луиш Нанидің жалақысы мен клубтардағы оғаш сыйақылар жүйесіне тоқталып, инфрақұрылымның мүшкіл күйін әшкереледі.
Мартыновичтің айтуынша, Қазақстан чемпионатының басты соры – сапасыз алаңдар мен ескірген стадиондар. Ол әсіресе "Ақтөбедегі" қайшылықты мысалға келтірді:
“Нани – кез келген жағдайда профессор. Бірақ Қазақстанның ерекше чемпионаты оған оңай соқпайды. Меніңше, Қазақстан футболының ең үлкен мәселесі – инфрақұрылым. Бүкіл лигада небәрі 4-5 қана дұрыс стадион бар. Мәселен, "Ақтөбеге" Нани сияқты ойыншы үшін айына 100 мың доллар төлегенше, неге өз ареналарына сапалы көгал төсеп, трибунасын жөндеп қоймасқа? Команданың жанкүйерлері керемет, бірақ клуб Астанада жаттығып, өз үйінде ойнай алмай жүр. Өткен маусымда тіпті мектептің стадионында ойнады." – деді капитан Чемпионат сайтына берген сұхбатында.
Мартынович сонымен қатар клуб иелерінің футбол ерекшелігін түсінбеуі де үлкен кедергі екенін атап өтті. Ол киім ауыстыратын бөлмедегі қызық әрі түсініксіз жағдайды мысалға келтірді:
“Бір командада инвестор келіп: "Жеңіс голын соққан адамға – 1 миллион теңге, қақпасын құрғақ ұстаған қақпашыға да сондай бонус." деп жариялайды. Ақша салған жақсы, бірақ футболдың командалық ойын екенін түсінетін кәсіби мамандар керек қой. Қақпашы гол жібермеу үшін бүкіл қорғаушы мен жартылай қорғаушы тер төгеді емес пе? Осындай дүниелерді көргенде таңғаласың.”
Мартыновичтің пайымдауынша, тек жеке инвесторлардың келуі мен кәсіби менеджмент қана Қазақстан Премьер лигасын осы тығырықтан шығара алады.