Не істейміз?

23.02.2014, 23:58
Не істейміз?

Осындай сұрақпен бастағалы отырмын мақаламды. Қазақ футболы деген кезде көкейге сансыз, жауабы табылмаған сауалдар тұратыны белгілі.  Бүгін жеребе тарту рәсімі аяқталысымен тағы да осындай сауалдар пайда болды менде. Біз, не істейміз? Қарсыластар белгілі. Францияда өтетін 2016-жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуға бола ма? "А" тобына түсіп, қарсыластар анықтала бастағанда, Франция туралы арманды кейінге шегере тұруға тура келді. Голландия, Чехия, Түркия, Исландия, Латвия секілді командалар арасынан сытылып шығу мүмкін емес. Мойындауымыз керек. Біз осы кейде команда алдына мақсатты да дұрыс қоймаймыз-ау. Айдаладағы, болмаса аспандағы айды әпер деп жылайтынымыз да бар. Шынайы өмірлік көзқараспен қарасақ, қайдағы финалдық кезең? Біз команда алдына, (жанкүйерлер) өзіміз мақсат қоюымыз керек. Менің ойымша, Қазақстан құрамасы бұл топта 8 ұпай алса, жақсы нәтиже болатын секілді.

Голландия құрамасы жеребеде бірінші болып  түсті. Ван Перси, Роббен, Снэйдер... Олар өте көп. Әсіресе, "Манчестер Юнайтед" шабуылшысы Роббин Ван Перси "Астана-Аренаға" келді дегенде жағдайдың қалай болатынын біліп тұрғандаймын. Бұл құрама командамен біз бірінші мәрте бір топта өнер көрсеткелі отырмыз. Өңкей шоқ жұлдызға қарсы ешқандай қауқар таныта алмайтын да секілдіміз. Бұл ойын біздің футболшылар үшін тек тәжірибие жинау алаңы болатыны сөзсіз. Ең бастысы, көптеген жанкүйерлердің тілеуі бойынша айтсақ, 7-0 есебімен, масқара болмасақ болар еді?! Қызғалдақтар елінің командасымен болатын ойында бізге ешқандай ұпай түсе қоймас.

Чехия. Чехияның қақпашысы Петр Чех екенін барлықтарыңыз білесіздер. Рунилердің гол соғуы қиын қақпашының қақпасынан Хижниченко саңлау табады дегенге сену қиын. Бірақ, өткенде Армения жеңді ғой соларды. Біздің құрамада "Боруссия" Дортмундта ойнайтын легионерлер жоқ, дегенмен өз алаңымызда жата жастанып жүріп, қорғанысты ұстап, тең нәтижені жұлып кетуге болатын секілді. Оның үстіне сәттілік жолдас болатын болса. Чехия құрамасымен болатын қос кездесуде жалқы ұпай да жететін сияқты біз үшін. Өйткені, деңгей аралық кеңістік осылай сөйлеуге душар еткізуде. Түркия. Түріктерді кезінде ағайынымыз деп жүргенде, Алматыға келіп ойран салған. УЕФАға жаңадан өткен команданы 6-0 есебімен ұту, ешқандай да бауырмалдықтың аясына енбесе керек. Одан кейін де, түріктер бізді оңбай ұтқан. Ұлан Қонысбаевтың байқаусызда соққан бір голы бар, әйтеуір. Қайта-қайта соны айтамыз. Енді, осы жолы түріктермен жақсылап ойнау керек. Біз үшін мінезді қарсылас, мінезді матчқа айналуы тиіс бұл ойын. Тең нәтижені өз алаңымызда алмасақ, сырт алаңда түрік жанкүйерлері футболшыларын жеңіске жетпесе, жұлып-жейтіні белгілі. (Мүмкін, біздің жанкүйерлерге де кішкене тірілу керек пе деймін?) Исландия. Осыдан 5 жыл бұрын Исландия не, Фарер аралдары не, айырмашылық жоқ еді. Бұл күні бірақ, жағдай басқаша. Біз УЕФАға 2002 жылы енген кезде, Исландия 6 себеттің түбінде жатқан, анық аутсайдердің бірі еді ғой. Осы күндері Исландия Әлем чемпионатына шығамыз ба деп, плэй-офф ойындарын өткізіп жүр. Хорватияға түсіп жолы болмады. 4-0 есебімен ойсырай жеңілді. Бұл команда нағыз біздің тең қарсыласымыз болуы керек. Бұл командамен өткен ойын өте қызықты болатын шығар. Қазақстанда болатын ойында міндетті түрде жеңу керек. Қиын болатыны түсінікті, бірақ тырыссақ, 3 ұпай алуға болады. Латвия. Бұл бізге таныс құрама команда. Жолдастық кездесулер өткізгенбіз. Шама-шарқы біраз жанкүйерге таныс. Біздің топтың аутсайдерлерінің қатарында. Астанада жеңіске жетіп, сырт алаңдағы ойында 1 ұпайға қол созу керек. Жалпы, өз алаңымызда екі команданы жеңе алатын жағдайымыз бар. Демек, 6 ұпай алуымыз керек. Және осы аталған Исландия немесе Латвиядан сырт алаңда 1 ұпай алсақ, жаман болмас еді. Жалпы, мүмкін. Әсіресе, Латвиядан. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы бұрын өз алаңында Бельгия, Сербия, Аустрия командаларынан ұпай алып үлгерген болатын. Чехия мен Түркия секілді командалардан, жата-жастана жүріп 1 ұпай алсақ, тіпті тамаша болар еді. Өйткені, біздің команданың осыған шамасы жетеді. Тек 87-минуттан кейін де қорғанысты мықтап ұстауын жалғастыра берсе. Ал енді, осы іріктеу алдында Федерация басшылары қандай мақсат қоятынын білмейміз. Бір білетініміз, жаңа бапкер Красножан алдына УЕФА рейтингісінде алғашқы 30-ға ену туралы міндет айтылды. Енді, жеребе тарту рәсімінен соң, қазақ футболын басқарап жүрген Саян Хамитжанов Красножанға қанша ұпайды мақсат қып қояр екен? Бұрындары, топтан шығып, финалдық кезеңге жолдама алу деген қияли мақсаттардың тағы біреуі айтылар ма екен?! Бұл мақсаттың орындалмасын біліп тұрса да, саясаткер Саян мырза кейін ақталуға оңай болатынын осы қазірден бізге сығалатып тұрған тәрізді.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×