Неге “Астанаға” бәрі ыңғайлы? Спорттық бәсеке ме, әлде жасырын ықпал ма?

22.09.2025, 09:00

Соңғы жылдары Қазақстан футболында "Астана" клубы тек чемпиондықтарымен ғана емес, түрлі даулы оқиғалармен де жиі аталады. Кейбір жанкүйерлер мен сарапшылар клубтың табыстары таза спорттық бәсекенің нәтижесі емес, жасырын ықпал мен күмәнді факторлардың жемісі деп санайды. Әлеуметтік желілер мен бейресми спорт арналарында бұл пікірталас тіпті ушығып барады. 

Неге “Астанаға” бәрі ыңғайлы? Спорттық бәсеке ме, әлде жасырын ықпал ма?

Наушники Саяна телеграм арнасының орыс тілінде жариялаған осы бір жазбасын сіздердің назарларыңызға қазақ тілінде ұсынбақшымыз.

"Тағы да Талдыкөлден шыққан атышулы "Тотальный пылесос футбол” каналы "Астанаға” қатысты пікірталасты қыздырды. Кеше олар кезекті материалын жариялап, онда дәл Бабаянның бұрыннан айтатын тезистерін қайталап, "Астанаға” қарсы хейт бар" деген пікірді тағы да алға тартты.

Сонымен қатар, олар қарсыластардың "Астанамен тең дәрежеде бәсекелесе алмайтынын” астарлап жеткізді. Бірақ "Астананың” күші мен дәрежесі неде екенін еске түсірейік.

Бұл каналдың өзінде Антон Землянухиннің сұхбаты бар, онда ол 2014 жылғы ҚПЛ маусымында "Астанамен” ойында әдейі алаңнан кетуді ұсынғанын айтқан. Сондай-ақ, Бауыржан Тұрысбектің “Тобыл" ойыншыларына дәл сол "Астанаға” қарсы матчты сатып алу туралы ұсыныс жасалғанын мәлімдеген подкасты да бар. Бұл сөздерге ешкім қарсы шыққан жоқ, "Астана" тіпті сотқа да бермеді. Басқа клубтарға қатысты мұндай ашық мәліметтер жоқ. Демек, бұл жерде "Тотальный пылесос футбол” шынымен де дұрыс айтады – басқа клубтардың матч сатып алатындай деңгейі жоқ.

Тағы бір мысал – қарсыластардың "Астанамен” ойында негізгі құрамды әдейі әлсіретуі. Жарақат немесе кестенің тығыздығы себебінен ротация жасау қалыпты нәрсе. Бірақ "Қайсар" кезінде Младенов, биыл "Оқжетпес” Ферапонтовтың шешімдері бұл шеңберге сыймайды. Бұл – тек спорттық себептер емес, сыртқы ықпалдың барын көрсететіндей.

"Ордабасы" да ерекше мысал. Олар "Астанаға” қарсы матчта негізгі ойыншыларды тек ауруға сілтеп құрамнан алып тастайтын. Қызығы – дәл осы матчтан кейін ойыншылар толықтай сау болып шыға келетін. Мұндай "сәйкестіктер" басқа ешбір ҚПЛ клубында кездеспейді.

Тағы бір "ерекше қабілет" – қарсылас ойыншылардың ойында өз-өзін ұстай алмай қалуы. 2015 жылғы шешуші матчта "Астанаға” тек жеңіс қажет еді. "Ақтөбенің" бапкері Андоне резерв құрамды шығарғанымен, есеп ашылмады. Сонда Сергей Хижниченко алаңда әріптестерін ұрып, алаңнан қуылды. Сол сәттен кейін ғана "Астана" жеңіс голын соғып, чемпион атанды.

Дәл сондай жағдай жақында да қайталанды: "Тобыл" – "Астана" матчында Қостанайлықтар алға шыққан соң Асхат Сатылыпберген өз-өзін әдейі алаңнан шығартқандай әрекет жасады. Тағы да "Астанаға" тиімді сценарий іске асты.

Бұл тек кездейсоқтық па, әлде белгілі бір ықпал ма – ол бөлек мәселе. Бірақ басқа клубтарда мұндай "құпия сәйкестіктер” болмайды. Осы тұрғыдан "Тотальный пылесос футбол” айтқан "басқа клубтардың деңгейі жоқ” деген пікірін әзіл-шыны аралас дұрыс деуге болады."

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 0
Күлкілі 2
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×