Елордалық “Астананың” бас бапкері Григорий Бабаян соңғы он жыл бойы Қазақстан футболының халықаралық аренадағы басты бренді болған клубтың бүгінгі мүшкіл халіне қатысты өз наразылығын білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Маманның айтуынша, командаға деген қазіргі көзқарас түсініксіз әрі әділетсіз болып отыр.
Бабаян клубтың өткендегі жетістіктері мен Қазақ футболының рейтингін көтеруге қосқан үлесін еске салды. Ол “Астананы” бүкіл Еуропа танитынын, бірақ ел ішінде лайықты қолдаудың азайып кеткеніне қынжылыс білдірді.
“Бұл жағдай мен үшін де, біздің жанкүйерлеріміз үшін де мүлдем түсініксіз. "Астана" деңгейіндегі командаға олай қарауға болмайды. Біз он жыл бойы қазақ футболын Еуропада өз иығымызбен сүйреп келдік, елдің атын шығардық. Өткен жылы "Қайрат" чемпион атанғанымен, оған дейінгі толағай табыстардың авторы біз едік. Неліктен мұндай көзқарас қалыптасқанын білмеймін.” — деді бас бапкер.
Қазіргі таңда клубтың кадрлық әлеуеті де мәз емес. Бабаян команданың бүгінгі мүмкіндігі шектеулі екенін және негізгі күшті жас ойыншылардан құрауға мәжбүр екенін жеткізді:
“Қазіргі уақытта негізгі құраммен бірге 8 жас футболшы жаттығып жүр.”
Бапкер ойыншыларды уақытында мәлімдемеге тіркеп үлгергендеріне қуанышты екенін айтты.
“Қаржылық немесе ұйымдастырушылық кедергілерге қарамастан, қолда бар ойыншылардан ең тиімді нұсқа жасақталуда.”
Григорий Бабаян жағдайдың жақсаратынына үміттенеді. Ол команданың артында үлкен жанкүйерлер тобы тұрғанын және футболшылар алаңға тек солар үшін шығатынын айтты.
Бас бапкердің басты тілегі — “Астананың” елеусіз қалмауы және бұрынғы беделін қайтаруы.