НЕМІС ФЕНОМЕНІНІҢ СЫРЫ

29.05.2013, 22:28
НЕМІС ФЕНОМЕНІНІҢ СЫРЫ

феноменНеміс футболының бүгінгі жай-күйі шын мәнінде таңданарлық. Бұл ретте, келтірер мысалды санамалап жатудың еш қажеттілігі жоқ. Жай ғана биылғы Чемпиондар Лигасының ақтық айқасына шыққан қос мықтының да неміс бундеслигасының өкілі екендігін айтсақ та жеткілікті.

Бавария мен Дортмундтық Боруссияның биылғы зор табысы әлемдік футболдың жаңа көшбасшысы орныққанын анық аңғартқан болатын. Жалпы, осы уақытқа дейін ең таңдаулы еуропа біріншіліктерінің арасында ағылшын премьер лигасы, испан ла лигасы мен итальяның А сериясының бәсі жоғары болып келгендігі мәлім. Алайда, барлық көрсеткіштер бойынша ортаңқол болып келген неміс бундеслигасы соңғы уақытта алдыңғы орындарға шыға бастады. Ал клубтық деңгейдегі неміс футболының еселеп өскендігін және тиісінше оған деген миллиондаған жанкүйерлердің қызығушылығының да арта түскендігін Ресей мен Еуропаның футбол және спорт хабарларын тарататын таңдаулы арналарынан байқауға болады.

Футболға қатысты осындай «неміс феномінің сырын» немістердің өздерінен артық ешкім білмейтін шығар, әрине. Міне клубтық және құрама деңгейіндегі бундестимнің осыншама орасан зор табыстылығын олар ең бірінші кезекте дұрыс селекциямен байланыстырады. Былайша айтқанда, неміс футбол мамандары мен бапкерлері буын алмасу үдерісіне, ұлттық құрама мен бундеслиганың алдыңғы қатарлы ұжымдарына үнемі талантты да дарынды жас ойыншыларды даярлау мәселесімен тыңғылықты айналысқан болатын. Аталмыш елдің футбол басшылығы бундеслигадағы әр футбол клубына өзінің жас футболшыларын даярлауына үлкен талап қойып, мұндай ойыншыларды кейін ұлттық құрамаға тарту мәселесіне де назар аударды.

Бүгінде қай жағынан қарасаң да тиімді футбол саясатын жүргізген немістер сол бір игі қадамдарының жемісін жеуде. Бундеслига тартымдылығы жөнінен ажарлана түссе, Германияның ұлттық құрамасы кез келген деңгейдегі жарыстың көшбасшыларының біріне айналды. Кілең мықты, шебер ойыншылардан жасақталған неміс құрамасына кішкене сәттілік жетіспей жүр демесеңіз, Томас Мюллер, Месут Езил, Тони Крос секілді аса жоғары деңгейлі футболшылар әлем, еуропа біріншіліктерінің жеңіс кубогін өз қолдарына ұстауға әбден лайық.

Айтпақшы Томас Мюллер, Месут Езил мен қазіргі уақытта неміс футболының жарық жұлдызына айналған өзге де танымал ойыншылардың барлығы, жоғарыда айтылған тиімді селекциялық жұмыстардың жемісі болып есептеледі. Ұлттық құрамаға келмес бұрын бұл жігіттердің барлығы саты-сатысымен жасөспірім, жастар фуболының мектебінен өткен болатын. Мінеки осындай ұстанымды бүгінгі ғаламат табысының кепілі деп есептейтін немістер, жас дарындарды даярлау жұмысын одан ары да жалғастыруды көздейді.

Өзіміздің ұлттық футболымызға келер болсақ, онсыз да алтын уақыт пен қаражатты ысырап қылмай, өзге елдердің тәжірибесіне сүйенгеніміз жөн. Бұл ретте, әрине, немістерден де көп нәрсені үйренуге болатынын ескерсек, қазақ футболының да жеңісті сәттері жақындай түспек.          

                                                                                                        Мұрат МҰҚАШҰЛЫ

мУРА

                                                                  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×