Неміс финалы бола ма?

25.04.2013, 20:47
Неміс финалы бола ма?
реалКүні кеше ғана неміс жерінде болған Чемпиондар лигасының 1/2 финалында королдік "Реал" клубы сырт алаңда дортмундтық "Боруссиядан" оңбай жеңілді. Онсыз Ла Лигада жағдайы мәз емес Моуриньо шәкірттері жағдайды тым нашарлатып жіберді. Лондонда болатын финалдық ойынға қатысу үшін Криштианудың командаластарына "Сантьяго Бернабеуде" немістерді 3-0 есебімен таза жеңу керек. Бірінші таймда ойынды мазасыз бастаған испандықтыр алғаш болып голды жіберіп алды. Қорғаушылардың өрескел қателігінен 8 минутта Роберт Левандовски есеп ашқан. Берген пастары бір-біріне жетпей, тіпті королдік клуб бұл ойында не істеп жүргендерін өздері де ұмытып қалғандай. Әупірімдеп жүріп алғашқы таймның соңына қарай ойламаған жерден Криштиану Роналду 43 минутта есепті теңстіріп, үзіліске үлкен үмітпен кеткен. Әдетте бірінші таймда дұрыс ойнамаған Жозе ойыншылары екінші таймда бар күштерін салып, ойын тағдырын шешіп жіберетін. Алайда бас бапкерлерінен ақыл-кеңес алған испандықтар екінші таймда тіпті ойнай алмады. Дортмундтың жұлдызы поляк Роберт Левандовски 50 минутта есепті еселей түссе, 55 минутта 3-голын соғып Диего Лопес қорғаған қақпаны әбден мазалаған. Әлі де болса Өзіл мен Криштиану бастаған жігіттер ойынды қолдарына алады деп отырғанымызда 66 минутта испандықтардың айып алаңында басқа амалы қалмаған Хаби Алонсо тәртіп бұзып пенальтиден Левандовскидің осы ойындағы 4-голдың салынуына себепкер болды. Күтпеген жерден өздеріне сау басына сақина тілеп алған "Реал" ойыншылары қарымта ойында оңай болмайтынын сезеді. Екі күн қатарынан екі испан командасы қазақша айтқанда немістің "Мерседесі" мен "BMW" -на шамалары келмеді. "Бавария" каталондық "Барселонаны" өз алаңында 4-0 жеңсе, дортмундық "Боруссия" королдік "Реалды" қабылдап 4-1 есебімен үйлерін шығарып салды. Уэмблида болатын Чемпиондар лигасының финалында "Мерседес" пен "BMW" арасында болса, таң қалмаңыз! Руслан БАҚЫТЖАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×