Әлемдік теннистің жарық жұлдызы Новак Джокович Криштиану Роналдудың бойындағы қасиеттерге тоқталып, спорттағы сезім мен жан тебіренісі туралы терең ой қозғады.
"Көп адамдар Криштиану жеңілгенде жылағаны үшін оны келеке етеді, ал маған бұл қасиеті өте ұнайды. Жанкүйер ретінде оның осыншама жылдан кейін де осындай сезімтал күйін көру мені толқытады. Ол — әлемдегі ең үздік сұрмерген, барлық белесті бағындырды, елін биікке шығарды. Бірақ ол әлі де Чемпиондар лигасы емес, қарапайым матч үшін де жылай алады. Бұл оның іске деген адалдығын көрсетеді. Ер адамдарға сезім көрсету — әлсіздік деп айтылатын спорт әлемінде мұндай сәттер жеңіске тек күш емес, жүрек те қажет екенін еске салады."
"Мен де осалдығымды көрсетуден қорықтым"
Джокович өзінің де осындай ішкі арпалыстарды бастан өткергенін жасырмады. Оның айтуынша, қатал тәрбие мен үлкен жауапкершілік оны өз сезімдерін жасыруға мәжбүрлеген:
"Мен байсалдылық, жауапкершілік және жетістік бәрінен биік тұратын ортада өстім. Жылауға орын болмады. Үйде жылаған кезімде өзімді қауіпсіз сезінбейтінмін, сондықтан тұйықталып қалдым. Сырттай мықты, іштей үнсіз болып өстім.
Болашақ жарыммен танысқанда, көп сөйлейтін адам болсам да, шынайы сезімімді жеткізу маған өте қиын болды. Бұл қорғанды бұзу үшін маған жылдар керек болды.
Сондықтан мен Криштианудың әрекеттерін жақсы түсінемін. Маскасыз, бар жаныңды алаңға салып ойнаудың не екенін білемін. Мен де жеңілістен соң, әсіресе ел намысын қорғаған сәттерде киім ауыстыратын бөлмеде де, кортта да талай жыладым. Бұл сезімдер бөлек, тым ыстық. Өз эмоцияңды көрсету сені әлсіз етпейді, керісінше, сенің адам екеніңді дәлелдейді."