Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп Молдоваға қарсы Ұлттар лигасындағы матчта команда сапындағы алғашқы голын соғып, тарихи көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды Aladop.kz.
26 жастағы футболшы Астанада өткен кездесуде алаңға Қазақстан құрамасының негізгі құрамында шықты. Бұл Әліптің ұлттық құрамадағы 56-матчы еді. Ойынның 64-минутында ол Бауыржан Исламханның пасынан кейін есеп айырмасын қысқартқан голын соқты. Алайда бұл доп Қазақстанға кездесуді құтқарып қалуға жеткіліксіз болды — команда Молдоваға 1:2 есебімен жол берді.
Соған қарамастан, Әліп жеке көрсеткіш бойынша Қазақстан құрамасының тарихына енді. Vesti.kz мәліметінше, бұған дейін Ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын ең кеш соққан ойыншы Сергей Малый болатын. Ол алғашқы голын 52-матчында тіркеген. Әліп бұл көрсеткішті төрт ойынға жаңартты.
Әліп қазіргі таңда Қазақстан құрамасының ең көп ойын өткізген футболшыларының ондығына кіреді. Ол бұл тізімде 76 матчтан жинаған Самат Смақов пен Сергей Малыйдан 20 ойынға қалып тұр. Малый Молдоваға қарсы кездесуде алаңға шығып, ұлттық құрамадағы 76-ойынын өткізді және Смақовтың рекордын қайталады.
Нұралы Әліптің голы Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз өткен матчтағы жалғыз нәтижелі әрекет болды. Молдова сапынан Ники Клешенко 45+1-минутта, ал Петру Попеску 50-минутта гол соқты. Қазақстандықтар бұдан кейін есепті теңестіруге тырысқанымен, кездесуді өзгерте алмады.
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының төртінші турында 6 қазанда Астанада Фарер аралдарымен кездеседі.