Қазақстан құрамасы мен "Зенит" клубының қорғаушысы Нұралы Әліп клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында жүзінші матчы, жанкүйерлер қолдауы және маусымның қалған бөлігіне қатысты ойларымен бөлісті.
– Нұралы, әдетте сұхбаттарыңызды жанкүйерлерге алғыс айтудан бастайсыз. Бүгін не дейсіз?
"Бүгін де солай айтамын! Жанкүйерлерге үлкен рақмет, бүгін стадионда өте көп адам болды. Сенбі болғандықтан ба, атмосфера керемет болды. Ең бастысы – ірі есеппен жеңіске жеттік, бұл қуанышымызды еселей түсті. Ойын жанкүйерлерге де ұнады деп ойлаймын."
– Бүгін сіздің "Зениттегі” 100-ші ойыныңыз. Бұл сіз үшін нені білдіреді?
"Матчтан кейін ғана естідім, өзім санаған жоқпын. Әрине, 100 матч – керемет көрсеткіш. Үш жылдан астам уақыт бойы осында жүрмін, осы аралықта клубта өз орнымды таптым. Бұл – үлкен қуаныш. Осы клубтың тарихының бір бөлігі болғаныма мақтанамын. Құдай қаласа, биыл чемпион атанып, өткен маусымда қол жеткізе алмаған жетістікті жанкүйерлерге сыйласақ деймін."
– Клубтың әлеуметтік желідегі құттықтауын көрдіңіз бе?
"Жоқ, әлі көрмедім. Кім жасаған?"
– Біздің дизайнерлер.
"Жақсы екен, әрине, репостқа тұрарлық! Рақмет, қызық жасапты."
– Бірінші гол кезінде әуедегі күресте сізден кейін бірден екі ойыншы құлады – бірі өзіміздікі, бірі қарсылас. Не сездіңіз?
"Шынын айтсам, Ниноны сол сәтте байқамадым. Мен шабуылшымен бірге секірдім. Кейін Александр Анюков келіп, "дауыспен ойнау керек” деп ескерту жасады."
– Бүгін команда шабуылда тамаша ойын көрсетті. Ерекше күн болған соң өзіңіз де гол соғуды қаладым деп ойламадыңыз ба?
"Жүзінші матч екенін білмедім. Глушенков төрт гол соқты, Соболев те гол салды. Нәтижеге толық қанағаттанамын. Ең бастысы – жеңіс."
– ФК Зенит