Нұрбол Қошқарбаев, Бразилияға барған бапкер: «Қазақтар доп тебе алады»

18.02.2011, 09:38
Нұрбол Қошқарбаев, Бразилияға барған бапкер: «Қазақтар доп тебе алады»

Ала доптың қыр-сырына қанығу үшін Пеленің Отанына кеткен 26 жеткіншек туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бразилиядан білім алып келген олар болашақта қазақ футболының көсегесін көгертеді деген үміт бары рас. «Масаға» Бразилияға балаларды бастап барған бапкер Нұрбол Қошқарбаев сұхбат берді. Ол бүгінде «Қайрат» футбол клубының жанындағы жас балаларға футбол әліппесін үйретіп жүр. Келісім бойынша Бразилияда бір жыл қызмет етіп қайтқан балалар бапкерінің айтары көп. Нұрбол аға, әлемге әйгілі Пелені, Роналдо мен Роналдиньо сыйлаған Бразиялияға барып, шеберлік арттыру екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Қазақстаннан келген қонақтарды олар қалай қарсы алды? Бразилияны таныстырудың да қажеті жоқ шығар. Әлем футболындағы шоқтығы биік тұлғалардың томағасын сыпырған ел. Сондай-ақ, өте қонақжай халық. Барған бойда бізді орналыстырып, шаруаларымызды реттеді. Бір күннен кейін тәртіп бойынша, жаттығу жұмыстарымызға кірісіп кеттік. Балалар таңертең және түстен кейін жаттығу жасады, ал кешкісін сабақ оқыды. Жергілікті жұрттың Қазақстан туралы түсінігі қай деңгейде екен? Олар біздің ел туралы азды-көпті мәліметтерді білетін болып шықты. Біз барғасын Қазақстан жайындағы түсініктері кеңейді десек артық емес. Салт-дәстүріміз, мәдениетіміз турасында әңгімелер айтудан тайынған жоқпыз. Бразилия мен Қазақстан футболын салыстыру мүлдем қисынсыз. Деңгейі сын көтермейтін қазақ футболынан тәлім терген біздің балалар ол жақта өздерін еркін сезіне алды ма? Әрине, бір аптадан аз уақыттың ішінде балалар бәріне үйреніп кетті. Жасырмаймын, бастапқы кезде үйін сағынып, көзіне жас алғандар да болды. Бірақ, алыстағы ата-анасына телефон шалып, жұбатуға тырыстық. Бразилиядағы бапкерлер физикалық жағынан біздің балалардың мықты екенін айтты. Ал, техника тұрғысынан келгенде олармен шендесе алмайтынымыз рас. Бірақ, біз барымызды салдық. Балалардың футболға деген ықыласы барлық қиындықты жеңіп шықты. Сіздің ойыңызша, Бразилия футболының басқалардан биік тұруының себебі неде? Несіп Жүнісбайұлының сөзімен айтсақ, «Бразилия ұлтына аяғындағы добындай, добына құшағындағы ұлындай қарайтын ел». Ол жақта тамаша футбол атмосферасы салтанат құрып тұр. Үй салатын болса, ең бірінші футбол алаңын тұрғызады жанынан. Сосын барып үйдің іргетасын қалауды бастайды. Ұлды болған әке баласын доппен ауыздықтандырады. Кішкентай сәбиге доп пен бутсы сыйлау Бразилиядағы ұлттық дәстүрлердің бірі. Ол жақта барлық адам футболмен «ауырады». Стадиондар да жеткілікті. Қарап отырсам, біздің ел сияқты асып-тасқан байлығы да жоқ. Бір ғана футбол арқылы имиджін қалыптастырып алған мемлекет. Сол себепті, Бразилия футболының көш бастайтындай жөні бар. Қалай ойлайсыз, Бразилияда оқыған 26 баланың барлығы бірдей әлемдік футболда із қалдыруға жарайды ма? Мен бапкер ретінде 5 баланың қарт құрлық клубтарында доп тебетін мүмкіндігі бар деп айта аламын. Қалғандарының отандық және жақын шетелдердің премьер-лигасында өнер көрсетуге шеберліктері жетеді. Мәселен, Рауан Сариев пен Берік Шайховтар «Оле Бразил Клаб» фубол Академиясы мамандарының көзіне ілікті. Бұл қазақтар да доп тебе алады дегенді көрсетеді. Жалпы, біздің жігіттер футбол ойнай алады. Тек, жағдайды реттей түсу керек. Танымал футбол жұлдыздарынан дәріс алудың сәті түспеді ме? Осыны қатты қалап едім. Өкінішке қарай, танымал футболшылардың қолы бос емес. Барлығы әлемнің әр түкпірінде доп қуып жүр. Пелемен кездесу болады деп, оның доп тепкен қаласы Сантосқа алып барғаны рас. Бірақ, футболдың көзі тірі аңызы кездесуге келмей қалды. Әрине, оның шаруалары көп. Балалардың Пеле ойнаған стадионға барып, шешінетін бөлмеде болуы да футболға деген ынталарын арттыра түсті. Өзіңіз бапкер ретінде біраз нәрсені ойға түйген шығарсыз? Әрине! Бразилиялықтардан үйренгенім көп болды. Сертификат та алдым. Яғни, Бразилияның кез-келген жерінде футболдан дәріс беруіме болады. Бірақ, ол жақта өз бапкерлері де жетеді ғой. Сол түйгендерімді өзіміздің балаларға үйрете білсем, жарап жатыр. Тіл мәселесі қиындық туғызбады ма? Португал тілін бір айдың ар жақ, бер жағында үйреніп алдық. Басыңа түссе,қажеттілік туындаса нені де болса меңгеріп кетеді екенсің. Тамақтану жағынан да көп ауырлық көрген жоқпыз. Бразилия халқы да қазақ сияқты, ет тағамдарын ерекше жақсы көреді. Ет тегін болғанымен, сорпа жағы тапшы. Сол себепті, балалар сорпаны сағынғанда, өзім тамақ істеп бердім. Осылайша, бапкерлікпен қоса, аспаз болған да жайым бар. Футбол техникасын терең меңгеруге барған балалардың ішінен 8 жеткіншектің белгісіз мәселелерге байланысты елде қалып қойғаны туралы біраз шу болды. Бұл мәселе жөнінде өзіңіз не айтасыз? Менің өзім бар болғаны бір жыл қызмет еттім Бразилияда. Ол сегіз баланың оқудан неге қалғаны туралы анық ештеңе айта алмаймын. Мұны жауапты органдардан сұрап көріңіз. Қазір қалып қойған балалардың біреуі Қызылордада, біреуі Павлодарда, қалғандары өз қол астымда дайындалып жүр. Алғашында сағы сынғаны рас, бірақ қатарға тез қосылды. Балалар бапкері ретінде қазақ футболының болашағы туралы не айтасыз? Білесіз бе, мен 94 жылы туған балаларды жаттықтырамын. Былтыр өткен ел біріншілігіне 16 команда қатысты. Осылардың ішінде жанын салмаған бір баланы көрмедім. Барлығы да футбол десе ішкен асын жерге қоятын жас ұландар. 1994 жылы дүние есігін ашқан қазіргі жас ұландардың келешекте жақсы футбол көрсететініне сенім мол. Осыларды мықтап баптау керек. Қазір ел премьер-лигасындағы әрбір клубтың ізбасарлары бар. Еуропадағыдай атақты академиялардың қасында түк емес әрине. Бірақ, осының өзіне тәубә. Біздің футбол әлі-ақ көтеріледі. Енді, Бразилиядағы оқу барысында есіңізде қалған ең ерекше оқиғаны айтып бересіз бе? Есте қалатын қызықты сәттер көп болды. Алайда, «Паулиста» Кубогы үшін болған алғашқы және финалдық кездесуді жақын күндері ұмытпайтын шығармын. Бірінші матчта бір доп айырмасымен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алдық. Ал, ақтық сында Бразилиядағы айтулы клубты тізерлеттік. Сондағы балалардың рухтанғанын көрсеңіз…

Сұхбаттасқан Ақырыс Сейітқазы, “Маса”

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×