Нұркен Мазбаев: «Ойынның басқаша өрбуіне белгіленген пенальти қатты әсер етті»

04.04.2022, 14:50
Бапкер төрешінің шешіміне өз наразылығын білдірді.
Нұркен Мазбаев: «Ойынның басқаша өрбуіне белгіленген пенальти қатты әсер етті»

«Тараз» клубының бас бапкері Нұркен Мазбаев «Атыраумен» болған матч (0:1) жайлы өз ойын ортаға салды:

- Бүгінгі қарсылас командамен ойынның оңай болмайтынын, бапкердің де әдіс-тәсілін білдік. Көбіне қорғаныста ойнайтын бапкер. Ол команданың алаңға шығатын негізгі құрамы белгілі болғаннан кейін де байқалды. Ал ойынның басқаша өрбуіне белгіленген пенальти қатты әсер етті деп ойлаймын. Ол 11 метрлік айып добын төрешілер алқасы қарап, өз бағасын берер. Футболда жүргеніміз бүгін ғана емес, көп жағдайды көріп жүрміз. Бірақ мұндайды өте сирек кездестіреміз.

Гол соғатын мүмкіндіктер біздің командада болды. Алайда қорғаныста ойнаған команданың шебін бұзып өту қиын. Әрине, одан да жақсы ойын өрнегін көрсетуге әбден болады.

- Орталық алаңда ойнайтын Гамаков пен Шахметовтың қайсысы негізгі құрамға лайық деп ойлайсыз?

- Әрине, алаңға тыңнан қосылған Марат Шахметовтың тәжірибесі мол. Оған күмәнім жоқ. Бірақ өздеріңіз байқағандай, қарсылас команда ойыншылары өте бойшаң. Сондай-ақ алаңымыздың сапасы допты көбіне әуемен ойнауға мәжбүрлейді. Сол себепті бойы ұзын футболшыны шығардық.

- Абзал Таубайдың жарақаты ауыр ма?

- Ол ойынды әрі қарай жалғастырғысы келді. Бірақ адам ет қызумен жарақатты сезбеуі мүмкін. Сол себепті Абзалдың денсаулығы үшін тәуекелге бармадық. Қазір мұз қойып, қалпына келтіру шаралары жасалып жатыр. Нақты жағдайды бір тәуліктен кейін білеміз.

- Джордже Элиас негізгі құрамда шыға ала ма?

- Ол командаға чемпионат басталуға екі апта қалғанда қосылды. Ақырындап бой үйретіп келеді. Соңғы екі аптада командамен бірге жалпы құрамда жаттығып жүр. Бүгінгі ойында негізгі құрамға шығару туралы да ойладық. Бірақ Жұмабекке тоқтадық. Себебі, ол өткен жолы еліміздің жастар құрамасында гол соғып келді. Психологиялық тұрғыда өзін жақсы сезініп, командаға көп пайдасы тиеді деп шештік. Дегенмен, бұл футбол. Түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Бүгінгі жеңіліс үшін жанкүйерлеріміздің алдында кешірім сұраймыз. Алдағы матчтарда жақсы нәтиже көрсетуге барынша тырысамыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×