Бүгінгі әңгімемізді адуынды шабуылшы, Қазақстан біріншілігінде алғашқылардың бірі болып 100 гол соғып, еліміздің бомбардирлер клубының мүшесі атанған Нүркен Мазбаевқа бұрсақ. Қазақстан біріншілігінде 400 ойын өткізіп жалпақ саны 142–гол ұрған сұр мерген ұлттық құрама сапында да жасындай жарқылдап талай жеңіс добының авторы атанған. Елі үшін әрқашан даярмын дейтін өр тұлғамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Біраз кісілер Қазақстан футболының УЕФА–ға мүше болғанын кері кетушілікке санап, қату қабақ болып жүр. «Ұлттық құрамамыз әркімнен оңбай ірі есеппен ұтылып, мазақ боп бітті. Азияда жүргенімізде кім біледі ендігі Әлем кубогына шығып қалар ма едік» – дегендей болжамдарын айтып қалуда. Ал осыған өзіңіздің азаматтық тұрғыдағы көзқарасыңыз қандай? – Әркімнің өз пікірі бар, сондықтан ойындағысын айтқандары дұрыс. Бірақ менің ойымша Қазақстанның УЕФАға мүше болып қабылданғаны біздің ел үшін өте маңызды қадам болды деп ойлаймын. Өйткені, біздің Еуропадан үйренер, аларымыз көп. Ал Ресейден ірі есеппен 6–0 болып ұтылғанымыздан сонша жау шаптырудың қажеті жоқ. Ең алдымен Ресей мен біздің елдің футболдағы айырмашылығын ажыратып алыңыз. Соңғы бес–алты жыл көлемінде көршілеріміздің тындырған істері ұшан–теңіз. Қаншама заманауи жасанды алаң, футбол академиялары, шет елден білікті бапкерлер шақыртып қолдан келгеннің барлығын істеп бағуда. Ал Қазақстанда ондай іс–шаралар әзірге саусақпен санарлық. Сонымен бірге Ресей Федерациясында жеке спорт заңы бар. Ол заңның ішінде спортшының да, команданың да мүддесін қорғайтын тұстар бар. Осындай ең қарапайым заңның өзі әлі күнге дейін біздің елде жоқ екені көңіл жабырқатады. Енді бас бапкерге келетін болсақ. Кезінде Арно Пайперстің жасаған жұмысын барлығымыз көрдік. Ол – өте білікті маман. Еуропаның атақты жаттықтырушылармен бірге талай істің басын шалған. Сол кісі премьер–лига клубтарында ашылмай жүрген біраз футболшыларды жоғарғы деңгейге көтере білді. Одан кейін Бернд Шторктың Қазақстан ұлттық құрамасын не қылғанын көрдіңіздер. Қанша дегенмен, ұлттық құраманың жағдайы жақсы жасақталған. Бұрындары біз ойнаған кезде бір тиын алмай ойнағанымызда болған. Бірақ біз ақша жоқ деп ойнамай қойғанымыз жоқ–тын. Елдің намысы үшін, халықтың абыройы үшін тер төккенбіз. Ол кездегі жағдаймен қазіргі сәтті салыстырыңыз. Мұндай жағдайда қандай атақты бапкер шақырма бәрібір біздің жігіттерге допты түзу тебер күнге жетер уақыт қажет. Менің ойымша біз сол сапарға түзу жол тартқандаймыз. – Өзегіңізді өртеп жүрген қазақ футболына қатысты тағы не айтасыз? – Қазақстан футболында ақаулы мәселелер жеткілікті. Соның бірі–футбол басқармасы. Қазақстанның біраз клубтарында футболдың мұрындарына иісі бармайтын адамдардың басшылық етіп отырғаны. Сол үшін кәсіпқой деңгейде футболмен айналысатын тұлғаларды футбол басқармасына көптеп тарту қажет. Бұл бір. Екінші. Жасөспірімдер футболы да қатты алаңдатады. Қазір әр облыстан премьер–лига клубтарына көп болса 3–4 футболшы алынады. Оларды көбейту үшін қазірден бастап әрекет қылу қажет. Мысалы; әр облыс өздерінің ішінде іріктелген әр жастағы бес жасөспірімнен жиырма футболға икемі бар балаларды өз қаражаттарына Еуропаның белді футбол мектептеріне оқуға жіберсе. Араға бірер жыл салып солардың жемісін көрер еді. Қазіргі қазақ клубтарының шеттен келген келімсек аяқ допшыларға кеткен қаражатын өзіміздің жігіттерге аямай жұмсасақ дұрыс болар. Мұндай тәжірибе бүгін пайда бола салған нәрсе емес, бұрыннан келе жатқан ескі әдіс. Тек осыған сеніммен қарап, батыл шешім қабылдау қажет. Үшінші. Қазіргі аяқ доп шеберлерін мәдени, рухани тұрғыдағы біліммен қамтамасыз ету. Оларға алаңда өзін қалай ұстауды, журналисттермен қалай сұхбаттасуды, бір сөзбен айтқанда Еуропалық үлгіде тәрбиелеу керек. Сонымен қатар кейбір футболшылар бастауыш білімнен аса алмаған. Олар ертең футболмен біз сияқты қош айтысқаннан кейін қайда бармақ? Ал шет елден адам алдыртып, білікті маманға зәру болып отырған ҚФФ неге соларды өз қанатының астына алып, қамқорлық көрсетпейді? Сол шүрегей тілді бапкерлер оқыған мектепке неге оқуға, тәжірибе жинауға жібермейді. – Осы футболшылардың құқығын қорғайтын Қазақстанда ұйым жоқ деседі? – Иә, дұрыс айтасыз, әлі күнге дейін футболшылар құқығын қорғап, солардың сөзін сөйлейтін ұйым жоқ. Біраз аяқдопшыларымыздың көмек сұрар жер таппай тәртіп бұзушылардың құрбаны болғаны рас. Соның кесірінен сүйікті істерінен жылдап қол үзген жағдайлары да бар. Солтүстіктегі көршіміз Ресейде жалпы УЕФАға мүше елдердің бәрінде мұндай ұйым, одақтар бар. – Өзіңіз айтқандай келеңсіз жағдайға түсіп, соттасып жатқандарды да естіп құлағымыз үйренді. Сондай жағдай сіздің басыңыздан өтпеді ме? – Менің басымда ондай жағдайлар болды. Бірақ ешкіммен соттасқаным жоқ. Еліміздегі біраз клубтардың басшылары айтқан сөздерінде тұрмай, екіжүзділік танытқан. Атын атап жатпайақ қояйын, тек артымда өсіп келе жатқан інілерімді ондай адамдардан сақтасын деп тілеймін. – Сатылып жатқан ойындар, ұрыссыз беріліп тұрған командалар, футболға саяси жағдайлардың әсер етуі дегендей жағдаяттарды шешудің бір көзі ретінде нені атар едіңіз? – УЕФАның талаптары бойынша әрбір клуб акционерлік қоғам болуы тиіс. Ал бізде барлығы мемлекетке қарап, облыс әкімдігінің тікелей қоластында болады. Содан кейін барып облыс әкімі футболға қызығушылық танытса, ол клуб жақсы өнер көрсетеді. Осыдан шығатыны саясаттың араласуы. Қазақстанда бүгінгі таңда жалғыз «Алма–Ата» клубы ғана жеке акционерлік қоғам. Ал егер барлық клубтарымыз жеке меншік болса, ешкімге бағынбай таза футбол ойнайтын еді. – Жалпы футболдағы өміріңізде 175 гол соғыпсыз. Осы голдардың ішінде бір ерекше есте қалғаны бар ма? – Әрине болды. Негізі жақсы әсермен еске алатын голдарым 96–жылы «Тараз» чемпион болған кезде ұрсам керек. Көп голдарым әлі күнге дейін есімде соның ішінде маңызды дейтіні ол– 2004–жылы «Тараз» кубоктың финалында «Қайратпен» кездесіп, сол ойында шешуші голды баспен ұрғаным бар еді. Ал ерекшелігі жағынан – Интертото кубогындағы «Тобылдың» сырт алаңда өткізген алғашқы кездесуінде соқтым. Алаңның қақ ортасынан тепкен соққым «Полония» қақпашысын қапыда қалдырып, діттеген жеріне дөп түсті. Бұл бір Алланың аяғыма салғаны болар деп түсіндім. – Естуімше үйлену тойыңызда қалыңдығыңызға «керемет» тосын сый жасаған секілдісіз. Соны бір еске алсаңыз. – Сол кездерде ұлттық құрама 98–жылғы әлем біріншілігіне іріктеу турнирін өткізіп жатқан. Соңғы ойын сырт алаңда Жапониямен кездесу тұғын. Оның алдындағы барлық ойында ойнап, соңғы матчқа қатысуым екіталай болды. Сол арада тойымды өткізіп алайын деп қамдана бастадым. Содан кейін тойға бірер күн қалғанда мені ұлттық құрама сапына қайта шақырып, Жапонияға баратын болдым. Бұл жаңалықты қалыңдығыма тойдың алдында жұмбақтап, көңіл–күйін түсірмейін деп астарлап той өткен соң берер сыйым бар дедім. Бірақ той үстінде тілек білдіріп тұрған бас бапкер Воит Талгаев : «Нүркен ертең ұлттық құрама сапында Жапонияға ұшып барады, соған сәттілік тілейік»– демесі бар ма. Cөйтіп таңертең күн шығыс еліне ұшып кетіп, қызық болған. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілей отырып, қазақ футболының өркендеуіне өз үлесіңізді қоса беріңіз демекпін. Әңгімеңізге рахмет. – Сізге де рахмет.Сұқбаттасқан Елжас ӘУРЕН
Біздің серіктес: FONBET