Нұркен Мазбаев: «Тең нәтижеге лайық матч болды»

23.05.2022, 17:36
«Тараз» бапкері «Каспий» клубының қонақжайлылығына сыни көзбен қарады.
Нұркен Мазбаев: «Тең нәтижеге лайық матч болды»

«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев «Каспий» командасымен болған матч (2:1) туралы пікір білдірді:

- Біріншіден, «Каспийді» жеңісімен құттықтаймын. Кездесудің басын өзіміз жоспарлағандай бастадық. Бірақ бірінші ойыншымызды алаңнан қуғаннан кейін араға аз уақыт салып екіншісіне де қызыл қағаз көрсетілуі біз үшін өте қиын болды. Әрине, өте өкінішті. Бірақ бұл футбол. Біздің жіберген қателіктер болашақта қайталанбауы тиіс деп есептеймін.

Ал екінші таймды біз 8 ойыншымен ұттық. Соғыста қолданылатын тіркеспен айтсақ, қоршаудан шыға білдік деуге болады.

- Бүгінгі төрешілердің жұмысы туралы ойыңыз қандай?

- Олар өз жұмысын жасап жатыр. Олар да біз секілді адамдар. Қателіктер жіберіп тұрады. VAR жүйесін қарады. Шешімін шығарды. Өз жұмыстарына өздері жауап береді. Турнир кестесінде жоғары келе жатқан командалар тең ойнағанда лайық болар ма еді деп ойлаймын.

- Сіздің тәжірибеңізде екі ойыншыңыз бірдей қуылған сәттер кездескен бе?

- Иә, 2018 жылы бірінші лигада «Алтай» командасымен ойнағанда ондай жағдай орын алған. Ол кезде матч тең есеппен аяқталған еді. Қазіргі біздің командадағы ойыншылардың жартысы сол кездегі құрамда болған. Мұндай жағдай енді қайталанбаса екен деп тілеймін.

«Каспийдің» ойын стилін біз білеміз. Өз алаңында қысқа пастармен, жылдам ойынға бейімделген. Ал сырт алаңда дәл мұндай ойыны жоқ. Жасанды төсеніш бұл ретте алаң иелерінің басымдығы болды.

Тағы бір айта кетерім, бұрындары да басқа командамен бұл қалаға келгенмін. Сол кезден бері жаңа алаң, стадион соғылады деп айтатын. Бірақ оның алғашқы тасы қаланды ма, әлде жоқ па білмедім. Бірақ бұл жайтқа клубтың қатысы жоқ. Осы қаланың әкімшілігіне жаңа үлкен стадион соғып берсе екен деп айтқым келеді. Сондай-ақ бізге берген автобустың да жағдайы нашар екен. Қай жылғы екенін білмеймін, сықырлап әзер жүреді екен. Осы ретте қонақ команданы күтуді де үйрену керек секілді деп ойлаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×