Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев "Қайсар" футбол клубының төңірегіндегі қаржылық мәселелерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Әкімнің айтуынша, клубтың қордаланған берешектерін өтеу міндеті жаңа сенімгерлік басқарушыға жүктелген.
Бұл қаржылық міндеттемелер 2019 жылдан бері созылып келе жатқан мәселе. Өңір басшысы қарыздың жыл сайын кезең-кезеңімен төленіп жатқанын атап өтті.
"Бұл — 2019 жылдан бері келе жатқан берешектер. Қазір клуб сенімгерлік басқаруға берілді. Жаңа басқарушының алдына жақын арада барлық қарыздарды толық жабу туралы нақты міндет қойылды.” – деді облыс әкімі QogamNews телеграм арнасында.
Әкімнің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда клубтың ішкі жағдайы тұрақты.
Футболшылар алдындағы еңбекақы бойынша берешектер іс жүзінде толық өтелген. Ойыншылармен кездесулер барысында бұл мәселе көтерілмейді.
Жалпы берешектің ішінде қосымша нақтылауды қажет ететін міндеттемелер бар. Олар қазір мұқият қаралып жатыр.
Негізгі қалған қарыздар — клубтың шетелдік іссапарлары кезіндегі қонақүйлер мен жарыстарды ұйымдастырушы шетелдік компаниялар алдындағы міндеттемелер.
Барлық сомалар нақты анықталғаннан кейін, клубты басқаруды қолға алған кәсіпкер қалған берешектерді толық жабады деп күтілуде.