Нұрсайын Жолдасов, «Қайрат» командасының жартылай қорғаушысы: Соңғы ойындарда барлық күшті жұмсаймыз

20.10.2011, 00:21
Нұрсайын Жолдасов, «Қайрат» командасының жартылай қорғаушысы: Соңғы ойындарда барлық күшті жұмсаймыз
Қазақ футболында соңғы жылдары талантты жастар көптеп шығуда. Ұлан Қонысбаев, Жамбыл Көкеевтер ұлттық құрама сапында жарқырай өнер көрсетіп жүр. Мамандар тарапынан жақсы бағаға ие болып, көзге түсіп жүрген жастардың ішінде Нұрсайын Жолдасовты ерекше атап өтуге болады. «Қайрат» сапына ауысып, осы клубпен үлкен жетістіктерге жеткісі келетін аяқдопшымен сұқбат құрған едік. - Нұрсайын, әңгіменің төркінін сонау өзіңнің алғаш футболға аяқ басқан кездерден бастасақ... - Өзім Оңтүстік Қазақстан облысының Сары-Ағаш ауданындағы Қапланбек ауылында дүниеге келіп, сонда өскем. 4-сынаптан кейін жанұяммен Шымкент қаласына көшіп келдім. 6-сынып оқып жүрген кезімде мені мектептегі дене шынықтыру сабағының мұғалімдері Есеналиев Ғалым мен Мадияр Кенилов футбол үйірмесіне шақырды. Содан бері мен осы сиқырлы аяқ доп өнерінде жүрмін. - Жас кезіңде футболға бірден қызығу үшін бір азды-кем жетістіктер болады ғой. Сондай бір жеңістер сені одан әрі іліп әкеткен шығар футболға. - Иә, рас айтасыз. Бала кезіңде ұтқан медальдер мен марапаттардың орны ерекше екен ғой. Семей қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде мен «үздік қорғаушы» атандым. Қазақстанның екі мәрте чемпионы болып, алтыннан алқа тақтық. Міне, осы жеңістер мені алға итермеледі. - Жас кездің футболынан «үлкен футболға» келе салу оңай шаруа емес. Ересектер арасында «жұтылып» кетпеуді ойлаған шығарсың? - Бұл өте бір ауыр кезеңдер ғой футболшы үшін. Бапкерлер мен әріптестерің жақсы қолдап, қошеметтеп жібермесе жанбай жатып сөнуің де ықтимал. Мен алғашқы ойынымды «Ордабасыда» емес «Горнякта» өткіздім. Хромтаудың командасы мені шақыртып, 1-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Әйтеуір осылайша «үлкен футболға» араласып кеттік. - Оның өзі тәжірибе ғой. Сосын? - Сосын келер маусымды «Ордабасының» қосалқы құрамында бастадым. Бапкер Шайзидин Кенжебаев біраз жастарды қайта шақырып, негізгі командағы тыңғылықты дайындады. - Алғаш «Ордабасы» сапындағы ойының есте мәңгі сақталып қалған шығар. - Ондай ойындарды ұмыту қиын. 2009 жылы «Шахтерге» қарсы ойында әріптесімді алмастырып алаңға шықтым. Сол ойынды 2:0 есебімен ұтылдық. - Алғашқы гол ше? - 2010 жылы «Қайратқа» қарсы ойында гол соқтым. Ол кезде сол ұжымның жейдесін киемін деп ойламаған едім. - Енді сол «Қайрат» сапына қалай ауыстың? Бірден командаға алына салдың ба? - Жоқ, мені ең алдымен Владимир Никитенко Түркияда өткен оқу–жаттығу жиынына шақырды. Сонда жүріп өзімді толықтай көрсете алдым. Оның үстіне осыдан бір–екі жыл бұрын біз Никитнко қол астында жаттыққан болатынбыз. Нәтижесінде мен жаңа маусымды «Қайрат» сапында бастайтын болдым. Қазақ футболының мақтанышыны саналатын бұл клубта доп тебу мен үшін абырой. - Маусым ортасына қарай «Қайраттың» жаңдайы нашарлап кетті. Бас бапкер Никитенко да өз орнын ауыстырды. Осы мезетте жаңадан тағайындалып ағылшындық Джон Грегори келді. Бірақ, десе де команда жақсы нәтиже көрсете алмай келе жатқан секілді. - Оның түрлі себептері бар. Барлық дүние тек бапкерге тіреліп тұрған жоқ. Футболшылар бұл жағына баға беруден аулақпыз. Десе де жаңадан келген Джон Грегори білікті бапкер екендігін жаттығу алаңында дәлелдеді. Небір жаңа жаттығуларды үйреніп, тактикалық жағынан сауатымызды молайттық. Осының барлығы ағылшындық бапкердің арқасы. Биыл командаға Грегори келгеннен кейін маусымды қалайда премьер–лигада қалатын орында аяқтау болып бекіді. Ал қалғанын біз келер жылы шешетін боламыз. Барлық күшті салып биыл премьер–лигада қалуымыз керек. Себебі, Алматы қаласының клубы жоғарғы топта өнер көрсетпесе жанкүйерлерді үлкен футболдан қаққалы тұрмыз. Біз осы жағдайдың барлығын саралай келе ештеңеден аянбаймыз. - Грегори келгелі бері сені алаңнан жиі көре бермейтін болдық қой. - Оның барлығын бас бапкер шешеді. Мен оның сенімін ақтай алмаған болармын. Мүмкін маңызды ойындар алдында тәжірибесіз ойыншыны шығарғысы келмеген шығар. - Қазақстанда өзің білетін бапкерлерден кімді ерекше атап өтер едің? - Евгений Кузнецов. Бұл кісінің қол астынан қазақ футболына танылған небір талантты ойыншылар шыққан. - Әлемдің футболда кімнің ойыны ұнайды және қай клубқа жанкүйерлік танытасың? - Роналдиньоның ойынын ерекше деп атар едім. Өз басым осы бір бразилиялықтың алаңдағы қимылына тәнтімін. Ал ұжымдарға келер болсақ ол – «Барса». - Қазақ футболында өзіңмен қатар енді шығып келе жатқан жігіттерден кімдерді атар едің? Сеніңше қазақ футболының жақын арадағы болашақтары кімдер? - Елімізде таланттылар аз емес. Көбісінің жұлдызы жанбай жүр. Мысалға айта кетсем – Абзал Ешманов. Болашағынан үлкен үміт күттіретін ойыншылардың бірі дер едім Абзалды. Сосын, Елдос Ахметовтан болашақта мықты ойыншы шығады деп ойлаймын. Бразилияда жүрген жастар қазақ футболының жақын арадағы болашағы десем қателеспеспін. Олармен жеке таныс емеспін. Бірақ сырттарынан мамандар жақсы деп баға бергендеріне қанықпын. Олар осы беттерінен таймаса үлкен жетістіктерге жетулері тиіс. - Биыл ұлттық құрама үшін тағы бір іріктеу турнирі аяқталды. Отандастарымыздың өнеріне қандай баға берер едің? - Әзірге тәжірибе жетіспейтіні көрініп тұр. Жақын арада бұл мәселе өз шешімін табар деген үміттемін. Менің арманым осы ұлттық құрамамызда өнер көрсету. - Қазақстанда қай клубтың ойыны ұнайды және өзің болашақта қай командада өнер көрсеткенді қалайсың? - Еліміздегі клубтар арасында «Ақтөбе» ойынын мақтар едім. Ал болашақта ағылшын премьер–лигасының бір клубында ойнасам деп армандаймын. - Әңгімеңе рахмет! Әңнімелескен Ермұхамед МӘУЛЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×