Ойындағы оспадар оқиғалар

13.04.2011, 20:03
Ойындағы оспадар оқиғалар
Бүгінде жүз жылдан астам тарихы бар әлем футболы тарихында талай-талай күлкілі оқиғалар мен таң қаларлық жағдайлар әрдайым орын алып тұрған. Солардың арасындағы ерекше елең еткізетін мына деректерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Жер сілкінуіне себеп болған гол Аргентина чемпионатының төменгі лигаларының бірінде өтіп жатқан кезекті матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда алаң иелеріне шешуші гол соғудың сәті түседі. Ойынды көріп отырған бес мың көрермен сол сәтте қуанғандарынан мәре-сәре болып, аяқтарын топылдатып ұра жөнеледі. Сол-ақ екен 400 адам отырған бір трибуна төменге опырылып құлайды. Кейін белгілі болғанындай, дәл гол соғылған мезетте жер сілкінген екен. Осы сілкініс ағаш трибунадан жасалған бір секторды сол күйі бұзып жібереді. Ал осы голдың авторы өзінің жер асты дүмпуін шақырған доп түсіргенін көпке дейін айтып жүріпті. Төреші мен фанаттарды алма татуластырды Өткен ғасырдың 70-інші жылдарының ортасында ағылшынның атақты командасы «Манчестер Юнайтед» өз алаңындағы кезекті ойынды айтарлықтай сәтсіз өткізіп жатады. Өзінің адуынды мінезімен ерекшеленетін жергілікті жанкүйерлер мұның бәріне төреші Кларк кінәлі деп есептейді. Бір кезде бір жанкүйер үлкен алманы оған қарай лақтырады. Бұл бұзақылық әрекетке төреші әдемі әзілмен қарады. Ол жерге түскен алманы еңкейіп, қолына алып, оны жақсылап сүртіп шығады да, ерекше бір тәбетпен қыршылдатып жей бастайды. Мұны көрген жұртшылық күліп қоя берді. Сонымен, арадағы текетірес те тынды. Полицейлер футболы Бразилияның «Какова» атты тәп-тәуір ойнап жүрген футбол клубы күтпеген жерден елдің ішкі істер министрінің бұйрығымен таратылып кетті. Сөйтсе, мәселе мынада екен, командада бір өңкей полицейлер ойнайтын болып шықты. Оның қатысуымен өтетін әрбір матч кезінде стадион полицей киімімен келетіндерге толып отырады. Ал сол кезде қалада нағыз өрескел қылмыстар қаптап жасалып жатады. Сондықтан министр осындай қадамға баруға мәжбүр болған. «Жомарт» қақпашы Британ аралдарындағы Ридинг қаласының әуесқойлар командасында ойнаған қақпашы Джимми Тейлор бір маусымда өз қақпасына енген доптардың санын санаудан басқа тірлік білмепті. Біріншіліктегі 27 кездесуде ол 456 доп жіберіп алған. Сонда орта есеппен әр ойында 17 голдың өз қақпасынан алып тұрған. Голкипердің қолы допқа тимепті 50-ші жылдардың аяғында Швецияның астанасы Стокгольмнің «Юргорден» клубы жасөспірімдер командасының қақпашысы өзіндік рекорд жасапты. Ойындардың бірінде бұл жасақ қарсыластарын 18:0 етіп жеңеді. Осы матчта голкипер қолын допқа бір мәрте де тигізбепті. Тіпті екі рет қақпа тұсынан ойынға қосылған допты да қорғаушы өзі жүгіріп барып әкеліп, нүктеге де өзі қойған екен. Үйлену тойы құрметіне алаңнан қуылған Әрдайым тәртіп бұзбай ойнайтындығымен танылған немістің белгілі футболшысы Ханси Мюллер бір жолы алаңдағы төрешімен болмайтын жерде сөзге келіп қалады. Онысымен қоймай, арбитрге қайта-қайта тиісе береді. Ақыры жүйкесіне тие бергесін төреші оны алаңнан қуып шығыпты. Хансиге керегі де осы екен, клуб басшылары үйленетінін айтса да, оған демалыс беруге келіспей жүріпті. Осыдан кейін өз тойына өзі алаңсыз қатысудың жолы ашылған. 4 команда, 44 ойыншы, 2 матч 1959 жылы Германияның Гельзенкирхен қаласының стадионында өзгеше бір ойындар өткізілген. Стадион әкімшілігі байқамай, бір мезгілде футболшылар мен гандболшыларға алаңды беретін болып келісіп қойыпты. Сондықтан төрт команда да бір уақытта осында жиналады. Сосын олардың арасында талас туады. Бірақ екі жақ та мәмілеге келмейді. Сосын төрт команда түгел шығып, ойындарын бастап кетеді. Футболшылар алаңның ұзына бойын пайдаланса, гандболшылар ені аралығында ойнай бастайды. Алаңда сапырылысып жүрген 44 спортшы екі бөлек доп қуысып жатады. Соңында гандболшылар ойыны 14:2, футболшылар ойыны 4:2 деген есептермен аяқталады. Дайындаған: Руслан ИГІЛІК. “ҚАЗАҚ СПОРТЫ” газетінен
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×