Көкшетаулық "Оқжетпес" футбол клубы маусымаралық үзілісте құрамындағы бірқатар ойыншылармен қоштасқанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Команда сапынан бірден жеті бірдей футболшы кетіп, клуб жаңа маусым алдында үлкен өзгерістерге бет алды.
Капитанмен қоштасу және қорғаныстағы шығын
Ең басты жаңалық — команданың көпжылдық капитаны Нияз Ыдырысовтың кетуі. 26 жастағы қорғаныс шебері Көкшетау клубының намысын 2016 жылдан бері қорғап келген болатын. Тоғыз жылға жуық уақыт бойы “Көкшелердің" тірегі болған ойыншы енді жаңа ұжымда бағын сынайды. Сонымен қатар, қорғаныс шебінде Бразилиялық легионер Энцо Мендес те командамен қош айтысты.
Жартылай қорғаныс пен шабуыл шебі
Орталық шепте де айтарлықтай өзгерістер бар. Клуб тәжірибелі Серікжан Мұжықовпен, сондай-ақ Арсен Әшірбек және Никола Цуцкичпен еңбек шартын тоқтатты.
Шабуыл өтінде де жанкүйерлер жаңа есімдерді көретін болады. Себебі, сұрмергендер қатарынан Батырхан Тәжібай мен Әлияр Мұхамед кетті.
"Оқжетпес” басшылығы мен жанкүйерлері кеткен ойыншыларға клубтың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіреді. Алдағы уақытта босаған орындарға жаңа ойыншылардың келуі күтілуде.