Соңғы уақытта футбол жанкүйерлері арасында "Манчестер Юнайтедтің" бұрынғы жұлдызы, 39 жастағы Луиш Нанидің "Ақтөбе" сапына ауысуы мүмкін екені қызу талқылануда.
Алайда, Португалиялық футбол агенті Паулу Барбоза бұл трансфердің тиімділігіне үлкен күмәнмен қарайды.
"Жұлдызды шақ артта қалды"
Барбозаның айтуынша, Нанидің есімі әлі де дардай болғанымен, оның қазіргі спорттық бабы талапқа сай келмеуі мүмкін. Агент футболшының жасы қырыққа таянғанын және ұзақ уақыт бойы жасыл алаңнан тыс қалғанын алға тартты.
"Мен бұл ауысудың қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін. Бірақ Нанидің футбол ойнамағалы біраз болғаны анық. Сондықтан бұл трансфер команданы күшейтеді дегенге сену қиын. Біз білетін, "Манчестер Юнайтедте” жарқыраған Нанидің дәуірі әлдеқашан өткен.” – деді сарапшы Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында.
Агенттің пікірінше, "Ақтөбе” клубы үшін трансфер нарығында бұдан да тиімді нұсқалар жетіп артылады. Ол Қазақстан чемпионатының деңгейіне лайықты, басқаларға үлгі бола алатын әрі нағыз бабындағы топ ойыншыларды табуға болатынын айтты.