Словенияның «Олимпия» командасының шабуылшысы Алекс Тамм Алматының «Қайратқа» қарсы өтетін Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесуден оң нәтиже күтетінін мәлімдеді.
«Біз сейсенбідегі матчқа толық дайын боламыз. Бірінші ойыннан кейін жан-жақты талдау жасадық. Енді қай тұстарда қосу керектігін білеміз. Қазақстанға ерте келіп, жағдайға бейімделіп, ойынды тыныш жағдайда күтіп алуға тырыстық. “Қайратқа” қарсы матчта бізді сәттілік күтіп тұр деп сенемін», — деп келтіреді ойыншының сөзін Словения футбол одағының ресми сайты.
Еске салайық, алғашқы матч 8 шілдеде Словенияның Любляна қаласында өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталды. Қарымта кездесу 15 шілде күні Алматыда өтеді.