Олжас Абраев блогынан

11.05.2012, 23:45
Олжас Абраев блогынан
Премьер-лиганың жетінші туры да артта қалды. Көшбасшының ауысуы, көкшетаулықтардың жігерлі жеңісі, оңтүстік дербиі — бұл бір айта жүрер жексенбі болды. Орай келіп тұрғанда "Қайсар" және "Оқжетпес" футбол клубтарын алғашқы жеңістерімен құттықтап өтейін. Бұл командалар біріншілікті сәтсіз бастады. Сондықтан да, бұлар үшін жеңістің құны алтынмен тең. Біздің серіктестеріміз — "Хабар" агенттігі мен "Қақақстан" РТРК жетінші тур аясындағы екі тамаша матчты көрермендерге тарту етті. Бірақ, өкінішке қарай, барлық аймақтан тікелей эфир жүргізуге телеарналарымыздың әлі мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, телекөрермендер біріншіліктің барлық матчын телеарнадан тамашалай алмайды. Дегенмен, бұл тұрғыда жұмыстар жасалып жатыр. Алдағы уақытта бұл жағдайдан шығудың жолын бірлесе қарастырамыз. "Тараз" футбол клубы биыл бірінші рет қонақтарды Орталық алаңда қабылдады. Нәтижесінде, стадионға 11 мыңнан астам көрермен жиналды. Бұл биылғы жылдың рекордтық көрсеткіші. Көрермендердің футболға деген қызығушылығы тур өткен сайын арта береді деген үміттемін. Жалпы,  жергілікті жанкүйерлер ойын қорытындысына да, матч барысына да көңілдері толған шығар. Кездесу шынымен де тартысты өтті. "Атырау" өз алаңында "Шахтерден" жеңілді. Клуб қонақтарды резервтік алаңында қабылдауды әлі де жалғастыруда. Өйткені, "Мұнайшы" стадионында күрделі жұмыстар жүріп жатыр. Күрделі жұмыстар аяқталған соң тағы да тексеріс өтіп, соның қорытындысы бойынша, бұл стадионның Премьер-лига ойындарын қабылдар-қабылдамасы шешілетін болады. Қаскелеңнің "Сұңқары" да стадион проблемасын бастан кешіп жүр. Қаскелеңдегі өз аренасы инфраструктураға байланысты регламенттегі талаптарға мүлдем жауап бермейді. Сондықтан, "Сұңқар" қонақтарды Алматының "Динамосында" қабылдады. Енді қаскелеңдіктер биылғы жылы өз алаңындағы ойындарын осы стадионда өткізетін шығар. "Тобылмен" өткен ойынның тең аяқталғанын да айта кеткеніміз жөн. Осы тур алдында Талдықорғанда клуб басшылығы ауысты. "Жетісу" директоры болып Бақыт Онланбекұлы тағайындалды. Бұл маман Алматы облысы әкімініңі кеңесшісі қызметін атқара жүріп те "Жетісуға" байланысты мәселелердің басы-қасында жүретін. Бұл жолы өз алаңында "Ақжайықты" қабылдаған "Жетісу" 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп, бұл жеңіс "ақжайықты Премьер-лига турнирінің шыңына шығарды. Ал көш соңында — "Оқжетпес". Дегенмен, "Астана-Арена" стадионында жеңіске жеткен көкшетаулықтар да әлі өз өнерлерін барынша паш етері сөзсіз.
20 сәуiр2012
Павлодарлық жанкүйерлерге ризамын15:27 Павлодарға барған сапарым Премьер-лиганың 6-турына тұспа-тұс келіп, "Ертіс" - "Сұңқар" ойынын стадионнан тамашалай алдым. Сонда "Ертіс" футбол клубының басшылығымен және Павлодар облыстық футбол федерациясы қауымдастығының вице-президентімен кездестім. Сонымен, бұл сапардан мынадай ой түйіп қайттым: Өзге аймақтардан көрген кемшіліктер мұнда да бар екен. Атап айтар болсам, клубтық менеджменттің деңгейін көтеру керек. Клубтың құрылымдық бөлімдерінің өзара байланысы әлсіз. "Ертісте" маркетинг жөніндегі маман атымен жоқ. Бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр деп те айта алмаймыз. Баспасөз қызметінде де кемшіліктер көп. Ресми сайты "жалаңаш". Жанкүйерлер мен тілшілер ақпаратты қайдан аларларын білмей дал. Алдағы уақытта ҚФФ-тың баспасөз қызметі "Ертістің" бұл мәселесіне шешуге көмектесетін болады. Спорттық жетістіктері сүйсіндіргенімен менеджменттік мәселелерді тез арада шешу керек. Балалар және жасөспірімдер футболы жайлы айтар болсақ, бұл өте маңызды жүйе екенін ескеруіміз керек. Дегенмен, "Ертісте" де бұл мәселе өзге аймақтар секілді облыстық футбол мектептерімен серіктестік арқылы дамуда екен. Әлбетте, клубқа бұл жағдайдың ыңғайлы екенін түсінеміз, дегенмен, УЕФА-ның талаптарына сәйкес, "Ертіске" де бұл тұрғыда көзқарасты өзгертіп, өз клубының аясында кәсіпқой футболшыларды даярлайтын мектептер ашу керек. Сапар барысында Павлодар облыстық футбол федерациясының вице-президенті И.В. Веретновпен тұңғыш рет кездестім. Облыстық футбол федерацияның клубтың ішкі тіршілігіне белсенді араласып, команданың тағдырына бей-жай қарай алмайтындығы қуантты. Сондай-ақ, облыста бұқаралық футболды дамытуға бағытталған бірнеге жобалар іске қосылыпты. Енді стадион жайында. Жасыратыны жоқ, көз сүйсінтті. Тек бір ғана кемшілігі - пластикалық орындықтары әбден ескіріп, жаңалауды қажет етіп тұр екен. Дегенмен, стадион директоры А.М. Қабиевтің айтуынша, биылдан кешікпей бұл мәселені реттеу қолға алынбақшы. Сондай-ақ, шығыс және батыс трибуналарына күнғағарлар орнату көзделуде. Жақын уақытта стадионның ішкі бөлігінде күрделі жұмыстар жүргізілмек. Өткен жылы "Ертістің" өз алаңындағы ойындарына кем дегенде 4500 көрерменнен жиналып отырған. Биыл бұл көрсеткіш 5500 адамға дейін өсіпті. Жалпы, стдаионды керемет әсерге бөлеген павлодарлық көрермендерге айтар алғысым шексіз. Дегенмен, стадион көрерменге жүз пайыз толы болса екен деген тілегіміз бар. Клуб басшылығы көрермендерді тарту үшін барлық шараларды, қолдан келген нәрселердің барлығын атқару керек.
10 сәуiр2012
Көрермендер көбейіп келеді17:33 Қазақстан біріншілігінің 5-тур стадионда көрермендердің көп болуымен ерекшеленді. Әлбетте, әзірге еліміздің барлық командалары негізгі стадиондарына көшкен жоқ. Дегенмен, нағыз жанкүйерлер футболшыларын қай стадионда болса да, демеуге әзір. Мәселен, Талдықорғанда өткен "Жетісу" - "Тараз" кездесуі биыл бірінші рет алаң иелерінің негізгі стадионында өтіп, трибунада бос орын болмады десек те болады. «Астана-Аренадағы» "Астана" - "Ертіс" кездесуінде де көрермендер көп болды. Ойынды 8000 адам тамашалапты. Бұл "Астананың" өткен жылғы көрсеткіштерінен әлдеқайда көп. "Астана" басшылығының көрермендерді тарту стратегиясы өз жемісін беріп жатқаны қуантады. Айта кетерлігі, бұл ойында "Ертіс" те жанкүйерсіз болған жоқ. Павлодардан ат артып келген көрермендер матч бойы жерлестеріне жанкүйерлік танытып отырды. Командасымен бірге түздегі ойынға да баратын көрермендердің көбейіп келе жатқаны қуантады. Дегенмен "Оқжетпес" футбол клубының қосалқы стадионы алдағы турда көрерменсіз қалуы мүмкін. Стадион трибунасына байланысты ескертулеріміз сол куйі орындалмай тұр. Бұл жерде көрермендердің қауіпсіздігін басты орынға қойып отырмыз. "Жастар" стадионына қатысты бұл мәселеге байланысты шешімді бірер күнде арнайы комиссия шығаратын болады. Ал "Ордабасы" жанкүйерлерін қуантқымыз келеді. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионды тексеруге барған ҚФФ-тың арнайы комиссиясы біршама кемшіліктерді байқаған. Алайда, стадион басшылығымен бірлескен Клуб менеджменті дер кезінде бұл олқылықтардың орындарын толтырды. Дәл қазіргі таңда стадионның жарық беру мачталары қайта қалыпқа келтіріліп, жұмыстардың жүріп жатқанына байланысты батыс трибунасы уақытша жабылды. Демек, 6-турдағы "Ордабасының" өз алаңындағы ойынын шымкенттіктер "Орталық" стадионнан тамашалай алатын болады. Рас, стадионның жасыл желегіне байланысты кемшіліктер әлі де бар. Бірақ стадион басшылығы бұл мәселенің жақын арада өз шешімін табарына сендірді. Енді кеңестік-сараптамалық жұмысымның аясында 15 сәуірде Павлодарға ұшамын.
03 сәуiр2012
Шымкент стадионындағы оқыс жағдай09:23              Кеңестік-сараптамалық бағдарламамның аясында Шымкент қаласында іс-сапармен барып, «Ордабасы» футбол клубының басшылығымен және Бірінші лигада өнер көрсететін «Қыран» (өткен жылғы «Тарлан») мен «БИІК» футбол клубтарының директоратымен кездестім. Сапар барысында «БИІК» футбол орталығы мен жаңадан футболға бағытталып салынған «Ұлан» (Ақсукент) спорттық кешенінде де болдым. «Ордабасыдағы» жағдайды сараптай келе, баспасөз қызметінде олқылықтардың бар екенін анықтадым. Бұл сала оларда жергілікті деңгейде ғана жұмыс жасап жатқаны көрініп тұр. Ал «Ордабасы» аз ғана уақытта қатарынан екі кубокты иеленді ғой. Демек, баспасөз қызметі жергілікті деңгейден әлдеқайда биік көтерілуі керек. Сонымен қатар, Шымкентте орта және ірі бизнес ошақтары көп болғанымен клубтың демеушілермен жұмыс жасау механизмі де дұрыс жолға қойылмаған. Дегенмен, қуантқаны – «Ордабасының» спорттық стратегиясы өз жұмысын жақсы атқаруда. Мәселен, «Қыран» футбол клубымен ойыншылар алмасу мәселесі жөніндегі байланыс жоғарғы деңгейде жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, Шымкентте футболшылар Премьер-лигаға аяқ басу алдында «Қыран» сапында бірінші лигада біраз шыңдалып алады екен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Қыранның» бірнеше ойыншысы биыл «Ордабасы» сапына ауысқан. Ал клуб менеджментінің деңгейі біраз көтерілгенімен әлі де проблемалық тұстары аз емес. «Ордабасының» бүгінгі ең басты проблемасы – Қажымұқан атындағы Орталық стадионның жағдайы екен. Клуб стадионды тек жалға алады және стадион әкімшілігі мен жұмыстарына тікелей әсер ете алмайды. Стадионның жасыл желегі құрудың аз-ақ алдында. Бірақ клуб басшылығы жақын арада бұл мәселе өз шешімін табарына сендірді. Дегенмен, жасыл желек мәселесі тез шешілетін нәрсе емес екенін жақсы білеміз. Стадионның жасыл желегімен айналысатын агрономдардың жұмысы өте төмен деңгейде екені сезіледі. Ал Шымкенттің жайма шуақ табиғатында жасыл желекті күтіп, баптау аса қиын шаруа емес. Негізінде Шымкенттегі стадионның жасыл желегі еліміздегі ең үздік алаң болуы керек еді. Өкінішке қарай, мүлдем кереғар көрініске тап болдық. Стадионның трибунасы да өте қауіпті жағдайда. Факт ретінде атап өтейік, трибунаның астындағы бөлмелерде ұсақ жұмыстар басталды. Енді төрешілер бөлмесі және киім ауыстыратын орындар сонда ойысатын болады. Стадион басшысының айтуынша командалардың қауіпсіздігі мақсатында жақында аренада жер асты өткелі салынбақ. Сондай-ақ, басқа жоспарлары бар екен. Бірақ мұның барлығы да уақыттың еншісіндегі шаруалар. Іс-сапар барысында Премьер-лиганың 4-туры аясында өткен «Ордабасы» - «Қайсар» кездесуін стадионнан тамашаладым. Сол кезде желдің екпінінен трибунаға екі жарық беру мачтасы құлап түсті. Қайта бағымызға орай, сол маңда ешкім болған жоқ. Әйтпесе, бәрі де қайғымен аяқталар еді. Бұл жағдайды ҚФФ-тың арнайы органы жіті тексеріп, өз шешімдерін шығаратын болады. Бірінші лига клубтары «Қыран» мен «БИІК» басшылығымен кездесу көңілге қуаныш  сыйлады. Екі клуб та балалар және жасөспірімдер футболына жоғары көңіл бөліп отыр екен. Екі клубта заманауи базаға ие. Ал «БИІК» футбол клубының бір базасы тіпті УЕФА-ның халықаралық матчтарын қабылдай алады. Білетін де шығарсыздар, биыл мұнда Қазақстан әйелдер құрамасы бірнеше ресми ойындар өткізген болатын. «БИІК» футбол клубы №7 СДЮСШ. Базасының аясында құрылған. Барлық шәкірттері жергілікті жердің дарынды жеткіншектері. Мұнда барлығы 800-дей жас футболшы тәрбиеленуде. Енді іс-сапармен жақында Павлодарға барамын.  
29 наурыз2012
Атырауға сапарым туралы09:34 Ұлттық футбол лигасының директоры Олжас Абраев Алматыдан кейін сараптамалық-кеңестік жұмысын Атырау қаласында өткізді. Маусым басталысымен бұл клуб күрделі мәселерге тап болды. Оған себеп - тексерістерден кейін ҚФФ-тың Сертификациялау комиссиясы "Мұнайшы" стадионында ҚР біріншілігінің матчтарын өткізуге тиым салған болатын. "Атырау" ФК басшылары және мамандарымен кездесуі жайлы ҰФЛ директоры баяндады.   «Атырауға барған іс-сапарымда клубтың жауапты қызметкерлерімен кездесіп қана қоймай, біріншіліктің 3-туры аясындағы "Атырау" - "Қайрат" матчын да стадионнан тамашалай алдым. Нәтижесінде, біраз кемшіліктерді де байқадым. Бұл кемшіліктің барлығы "Атыраудың" өз алаңындағы келесі ойынына дейін шешімдерін табуы тиіс. Қуантқаны - жанкүйерлер "Атырауды" жақсы көреді екен. Олар стадиондағы футбол атмосферасын керемет сезімге бөлетті. Рас, ойынды көргісі келгендердің барлығы бірдей стадионға кіре алған жоқ. Бірақ бұл 100 пайызға "Атырау" футбол клубы басшылығының кінәсі. Олар ҚФФ Сертификациялау комиссиясында көрсеткен талаптарды орындап жатқан жоқ.  Біз өзіміздің принціптерімізге берікпіз. Көрермендер қауіпсіздігі әрқашан жоғары тұру керек. Біз клуб басшылығының салғырттығы көрермендерге байланысты төтенше жағдайларға ұшырауына жол бермеуіміз қажет. Мәселесі күрделенген "Мұнайшы" стадионына тағы бір мәрте барып қайтуды жөн көрдік. Бұл жолы стадионның қайта құрылымдау жұмысын жүргізетін компания өкілдерімен кездескен едік. Олар жұмыс жоспарларын және оны орындау кезеңдерін таныстырып шықты. Бірінші кезеңде ҚФФ Сертификациялау комиссиясы көрсеткен барлық кемшіліктерді жою көзделген. Екінші кезеңде матчтарды өткізу жұмыстарын жақсартуға бағытталған. ҚФФ те, "Атырау" басшылығы да "Мұнайшы" стадионында тезірек күрделі жұмыстардың аяқталып, қайта ашылуын асыға күтуде. Атырау облысы секілді аймақтарымыз үлкен футбол мейрамынсыз қалмауы керек. Сондықтан, көрермендерге де барлық жақсы жағдайдың жасалғаны жақсы. Іс-сапар барысында біз клубтың менеджментіне зор көңіл бөлдік. Бұл жүйе ол жақта дұрыс жолға қойылмаған. Бөлімше аралық байланыстары нашар, ішкі құрылымдық жұмыстары да жарқын емес. Жақын арада осы мәселелерді ретке келтіру керек. Демеушілік жобаларды жандандыру, бюджеттен тыс қаржылар қарастыру, клубтың жұмыстарын БАҚ арқылы көрсету, облыс пен қаланың қоғамдық жобаларына араласу — міне, клуб басшылығымен осы жайттарды да талқыладық. "Атырауда" проблема көп. Біз олардың барлығын бірлесе талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Енді бұл тұрғыда клубтың менеджменттік жұмыстары қаншалықты жарқын жұмыс істейтінін енді жақын арада біле аламыз. Енді мен 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында Шымкент қаласына барып қайтуды жоспарлап отырмын. Ол жақта "Ордабасы" мен "БИІК" клубтарының басшылығымен кездесетін боламын».
25 наурыз2012
"Қайрат" — жанкүйерлерге арналған клуб09:39 Ұлттық футбол лигасының директоры Олжас Абраев кеңестік-сараптамалық бағдарламасының аясындағы алғашқы іс-сапарын Алматыдан бастады. Сөйтіп, Абраев бірінші ретте «Қайрат» футбол клубының тыныс-тіршілігімен танысты. Іс-сапарымды «Қайраттан» бастағаным жайдан-жай емес. Бұл клуб маусымаралық үзілісте көпшіліктің  аузынан түскен жоқ. Үлкен реформацияға ұшырап, көптеген өзгерістерді бастан кешті. Сондықтан, Лига басшыларын да, жанкүйерлерді де «Қайраттың» қазіргі жайы бей-жай қалдырмайтыны анық. «Қайрат» талай жылдан бері ел футболының беткеұстар командасы. Демек, бәрінің де көз тігетіні осы клуб. Айта кетейік,  клуб басшылығына жаңа бизнес-құрылымның келуі бірден аңғарылады. Яғни, ҚФФ Атқару комитетінің «Қайратты» премьер-лигада қалдырғаны дұрыс шешім болған. Клуб менеджменті өте дұрыс бағдарды таңдаған. Нақты айтсақ, құрылымы өзара былайша өрбиді: «Бас команда» (Премьер-лига) — резервтік құраманың негізі (Бірінші лига) — футбол орталығы (балалар-жасөспірімдер футболы). Ал мұндай жүйенің жақын болашақта жемісін беретіні бәрімізге белгілі. Осы орайда футболшыларды тәрбиелеу жөнінен «Цесна» академиясының еліміздегі алдыңғы қатарлы футбол мектептерінің бірі екені ешкімге жасырын емес. Мұндай академиямен байланысты нықтап орнатқан «Қайрат» бұдан тек пайда көретіні айтпаса да түсінікті. Тағы бір қуантқаны — клуб жанкүйерлер мәселесін басты орындарға қояды. Көптеген өзге клубтарға қарағанда «Қайрат» ойындарды жарнамалауға аса қатты көңіл бөледі. Сондай-ақ, бұл тұрғыда жарнаманың неше түрлі заманауи әдістерін қолданады. Атап айтсақ, клуб ірі сауда орындарын, сауда желілерін жарнама обьектісі ретінде сәтті пайдаланып, матчтардың билеттерін таратуды солардың көмегімен іске асыруда. Бұдан бөлек, стадионға көрермендер тарту үшін көптеген байқаулар өткізуді дәстүрге айналдырды. Бұдан «Қайраттың» жанкүйерлерге арналған клуб екенін бірден байқаймыз. Ресми сайты да еліміздегі ең үздік веб-ресурстардың бірі. Клубтың баспасөз хатшысы да елімізге кеңінен танымал спорт журналисі. Сондықтан, медиа тұрғысында «Қайрат» әлі де талай жаңашыл көзқарастарымен қуанта беретініне сенімдіміз. Алматының «Орталық» стадионын таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін бұл арена тіптен құлпырып шыға келді. Бүгінде «Астана-Аренамен» қатар, Алматының «Орталық» стадионы да еліміздегі ең үздік ареналардың тізімін бастап тұр. Яғни, стадион директорын клубтың Қамқорлық кеңесі мүшелігіне қосу – стратегиялық тұрғыда оң шешім болған. Біздіңше клуб та, стадион да екі бөлек әкімшіліктің қарамағына қарағанына қарамастан өзара байланыстары бекем болуы керек. Ендігі іс-сапарым 25-26 наурызда Атырауда жалғасады. кфф.кз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×