“Оны өзіме қарату үшін біраз тер төктім.” Роналду мен Ирина Шейктің ертегідей махаббаты қалай аяқталды?

18.10.2025, 09:00

Криштиану Роналду мен Ресейлік супермодель Ирина Шейк бір кездері әлемнің ең мінсіз жұбы атанған еді. Екеуінің махаббат хикаясы бес жылға созылып, күтпеген жерден аяқталған.

“Оны өзіме қарату үшін біраз тер төктім.” Роналду мен Ирина Шейктің ертегідей махаббаты қалай аяқталды?

2010 жылы Armani Exchange компаниясының түсірілімі кезінде алғаш рет кездескен қос жұлдыздың таныстығы көпшілікті қызықтырды. Сол кезде Роналду – "Алтын доптың” иегері, әлемнің ең қымбат футболшысы болатын. Ал Ирина өз мансабында биікке көтеріліп келе жатқан беделді модель еді.

Криштиану кейінірек сұхбаттарының бірінде:

"Маған оны өзіме қарату үшін біраз тер төгуге тура келді. Ол менің шын ниетіме бірден сенген жоқ.” – деген еді.

Уақыт өте келе олардың арасындағы сезім шынайы махаббатқа айналды. Алғашқы демалысын Корсикада бірге өткізген жұп, көп ұзамай қашықтықтың қиыншылығына тап болды. Роналду Мадридте, ал Шейк Нью-Йоркте тұрды.

Ирина сүйіктісіне жиірек жолығу үшін жұмыс кестесін "Реал" матчтарына сәйкестендірсе, Роналду оған деген сезімінің алаңдағы мотивацияға айналғанын айтатын. Алғашында олар қарым-қатынастарын жария етпеуге тырысты, бірақ көп ұзамай папараццилер бәрін әшкереледі.

Сол кездері екеуі сән журналдарының мұқабасында жиі бірге көрініп, "идеалды жұп” атанды. Тіпті испандық Vogue журналына арналған  фотосессиясы үлкен резонанс тудырды.

2011 жылы Испан басылымдары Криштиану Иринаға үйлену туралы ұсыныс жасады деген ақпарат таратты. Әңгімелерге сенсек, той ЕУРО 2012 турнирінен кейін Мадейрада өтуі тиіс болған. Бірақ кейін бұл қауесеттерді жұптың өкілдері жоққа шығарды.

Соған қарамастан, жұрт оларды болашақ жұлдызды отбасы ретінде қабылдады.

2015 жылдың қаңтарында бәрі өзгерді. Ирина Роналдудың "Алтын доп” марапаттау рәсіміне келмеді, ал футболшы сахнада оның есімін атамады. Бұл — олардың айырылысының белгісі еді.

Негізгі нұсқалардың бірі — сатқындық. Кейінірек Ирина сұхбаттарының бірінде:

"Мен үшін мінсіз ер адам – шынайы әрі әйелін бақытсыз сезіндірмейтін жан." – деп, Роналдуға тұспалдап жауап бергендей болды.

Бұдан өзге, кей деректерде Роналду мен анасының арасында Иринаға қатысты келіспеушілік болғаны айтылды. Бірақ модельдің жақындары бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Тағы бір болжам – өмірлік мақсаттардың әртүрлілігі. Ирина отбасын құрып, бала сүйгісі келсе, Роналду сол сәтте тек футбол мен ұлын тәрбиелеуге назар аударған.

Кейін футболшы Associated Press-ке берген сұхбатында олардың ажырасуы өзара шешім болғанын айтқан. Бірақ оның достары Роналдудың бұл жағдайға қатты соққы ретінде қабылдағанын жеткізген.

Британдық The Sun басылымы тіпті "Криштиану осы айырылысқанына әлі күнге дейін өкінеді." деп жазған болатын.

Бүгінде Роналду Джорджина Родригеспен бірге бақытты өмір сүріп жатыр. Жаздың соңында футболшы сүйіктісіне ресми түрде неке ұсынысын жасаған.

Ирина Шейк болса, табысты модельдік мансабын жалғастырып, Голливуд сахнасында да өз орнын тапты. Ал олардың бес жылдық махаббат тарихы – футбол әлеміндегі ең әсем, бірақ аяқталуы өкінішті романдардың бірі болып қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×