Атам қазақ «Ерді намыс, қоянды қамыс» өлтіреді дейді. Рухы зор, намысы биік бабаларымыз өзгенің алдында басын имей, еңсесін тік ұстаған. Ту биікте желбіреген байрақты да ерекше қастерлеп, құрметтеген. Соған тәу етіп, құдайындай сыйынған. Өкініштісі, замандастарымыздың бойынан мұндай асыл қасиеттерді кездестірмейсіз… Ұлттық намыс пен қайрат-жігердің көрініс табатын жері – спорт додалары.
Бәсі биік бәсекелерде ұландарына қолдау көрсететін көрерменннің аздығы жанға батады. Тіпті, ұлттық сана-сезімі жоқ жанкүйерлерге қарап қарнын ашады. Жуырда соның куәсі болдық Футболдан Павлодардың «Ертіс» клубы Еуропа лигасының аясында Польшаның «Ягеллония» және Грузияның «Металлург» командаларымен кездесу өткізді. Алғашқысынан сырт алаңда ұтылып (0:1), қазақ жерінде өткен кездесуде 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, сүйікті командамыз дүбірлі доп додасының келесі кезеңіне аяқ басты.
«Ягеллониямен» болатын ойыннан бір күн бұрын қос команданың бас бапкерлері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспасөз-мәслихатын өткізді. Сонда «Ертістің» бас бапкері Талғат Байсуфинов жиналған тілшілерге: «Польяктар бізді қатырды. Баспасөз-мәслихатын өз тілдерінде жүргізді. Түк те түсінбедік. Ең арты аудармашы да дайындамапты. Сондықтан бүгінгі жиын қазақ тілінде өтеді»,- дегенде төбеміз көкке екі елі жетпей қалғандай болды. Польяктардың туған тілге деген құрметін қараңызшы. Мұнда біз ғой, қазақтар арамызға өзге ұлт өкілі келсе тілімізді сындырып, сол тілде сөйлеп қалуға тырысамыз. Ал польяктардың жасағаны өте орынды. Оған ренжудің еш қажеті жоқ. Сонымен «Ертіс» бапкерінің баспасөз-мәслихатының басым бөлігі қазақ тілінде өрбіді. Қуанышты-ақ. Ал «Ягеллония» бапкері Михал Пробеж болса орыс тілінде сөйледі. «Ертістің» Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі қарсыласы – грузиндердің «Металлург» командасы жерлестерімізді ұтып, келесі кезеңге өтті. Руставиде өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Павлодарда өтетін ойында жерлестеріміз қалайда болсын жеңіске жетеді деп ойлағанбыз.
Доп – дөңгелек. Біз ойлағандай болмады. Қонақтар 0:2 есебімен басым түсті. Ойынды тамашалаған болсаңыздар «ертістіктер» ширақ қимылдап, жанкүйерлерге тамаша футбол көрсететіндей сыңай танытпады. Футболшылардың аяқтарына доп «тұрмай», түзу жерде қателесті де жүрді. Жарайды ұтылдық. Мойындау керек қарсыласымыз мықты. Ойыннан бір күн бұрын «Металлург» командасының бас бапкері Армаз Джеладзе журналистермен баспасөз-мәслихатын өткізді. Армаз бірден тілшілерге қарап: «Мен орысша түсінемін әрі жақсы сөйлеймін. Бірақ, сіздер қаласаңыздар да, қаламасаңыздар да жиынды ана тілімде жүргіземін. Сіздерге түсінікті болуы үшін көмекшім ағылшынша аударып отырады. Сұрақтарыңды орыс тіліңде қоя беріңдер»,- деп бір-ақ қайырды. Міне, қызық. Мұндайды клуб басшылары да ойламапты. Аудармашы да дайындамаған. Ақыры не керек, бапкердің не айтып, не қойғанын түсінбедік. Бірақ, оларға да кінә таға алмаймыз. Өз ана тілдерінде сөйлеп, айбынын өсірді. Грузин бапкеріне: «Өз командаңыздың сапынан «Ертіс» ойыншыларынан кімді көргіңіз келеді» деп сұрағанымызда: «Тоғызыншы нөмірлі ойыншы тәжірибелі екені көрініп тұр.
Өзге ойыншыларға қарағанда шоқтығы биік» деп жауап берді. Ал «Ертіс» сапында тоғызыншы нөмірмен ойнайтын футболшы – Мұрат Тілешев. Міне, қазақ жігіттерінің доп тебе алатындығын грузиндер де мойындап отыр. Бас төрешінің соңғы ысқырығы естіліп, қонақтар стадионды айналып жеңістерін атап өтті. Футболшылар бөлмелеріне кіріп бара жатыр еді бас бапкер Армаз Джеладзе ойыншыларды жинап алып, шығыс секторда Грузияның туын желбіретіп тұрған екі жанкүйер отырған жақты нұсқады. Алаңдағы грузиндердің барлығы әлгі туға барып тәу етіп, қос көрерменге деген ықыластарын жеткізді. Тау ұлдарының бұл әрекетіне қарап таңдай қақтық. Ерекше атап өтерлігі – командада ешқандай легионер ойнамайды. Бұдан аңғарғанымыз – грузиндер футболды ақша үшін емес, ту, мемлекет үшін ойнайды. Тағы да атап өтерілігі сол ойында «Ертіс» сапында доп тебетін төрт қазақ жігітінің (Ұлықбек Асанбаев, Әлібек Аяғанов, Мұрат Тілешев, Елдос Ахметов) ішінен Мұрат Тілешев қана алаңға шықты. Оның өзі екінші кезеңнің орта тұсында. Мұрат намысқа тырысып, қанша шабуылдағанымен түк бітіре алмады. Осыншама намыстанып, алға ұмтылғанымен командаластары қолдау көрсетуге жарамады.
Малилік қорғаушы Мамуту Кулибали да барын салып ойнағанымен қолдау көрсетер футболшы таба алмай дал болды. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген осы болар, сірә. «Ертіс» футболшыларының ойынға селқос қарауының себебін тек клуб басшылығы ғана білетін болар. Бұл жағы бізге жұмбақ. Еркебұлан ӘМІРЕНОВ, Павлодар қаласы.