Оралханға ұлттық құрамадан орын табылмағаны ма?

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ұлттар лигасының қазан айындағы ойындарына қатысатын футболшылардың тізімін әлдеқашан жариялап, бүгінде Аустрияда алаң иелеріне қарсы матчқа дайындықты бастап кеткені белгілі. Саламұлы таңдаған 28 футболшының қатарына Беларусь чемпионатында жасындай жарқырап жүрген отандасымыз Оралхан Өміртаевтың тізімге енбей қалғанына көптеген жанкүйер қапалы. 

Оралханға ұлттық құрамадан орын табылмағаны ма?
фото ашық дерек көзден алынды

Қарағанды футбол мектебінің түлегі Оралхан Өміртаев сырт елде ойнап жүрген санаулы қазақ футболшыларының бірі. Биыл Беларусь біріншілігінде бағын сынауға барған Оралхан маусымды ортаңқол “Слуцк” клубында бастап, 4 голмен команданың үздік шабуылшысы болды. Өзін жақсы қырынан танытқан қазақстандық сұрмергенге орта жолда атақты БАТЭ құда түсіп, Оралхан 15 дүркін Беларусь чемпионының қатарына қосылды. Қосылғанда да жәй қатардағы ойыншы емес, бүгінде БАТЭ-нің джокері, Борисовтың қаһарманына айналды. Қазақстандық шабуылшы өз командасын өрге сүйреп, екі мәрте жеңіс голын соғып, бір мәрте жеңілістен құтқарып есепті теңестірді. Тіпті, БАТЭ бас бапкері Иван Мигаль Оралханның ойынына тәнті екенін айтқан.

 Біріншілікте команданың ұмтылысы өте жақсы. Біз әр ойында қарсылас қақпасына көп қауіп туғызып, жақсы шабуылдар ұйымдастырамыз. Әрине, біздің басты қаруымыз ол – Оралхан.  Әркез қосалқы құрамнан алаңға шығып, гол соқпай кетпейді.  Нағыз джокерімізге айналды. Қиын сәтте құтқаратын шабуылшымыз барына қуанамын- дейді ол.

Тіпті, Оралхан Өміртаев Беларусь чемпионатында қосалқы құрамнан шығып 7 гол салған алғашқы легионер ойыншы ретінде біріншілік тарихында есімі қалып отыр. Ал Оралханның “Шахтер” Солигорск қақпасына соққан добын  БАТЭ жанкүйерлері қыркүйек айындағы клубтың ең үздік голы деп тауыпты.

Иә, өзге елдің чемпионатында атой салып жүрген қазақстандық футболшы дәл қазір жоқ. Мейлі, ол Беларусь біріншілігі болсын. Жоқ жерден гол ұратын Өміртаевтың ойынына елдің бәрі сүйсініп жатқанда Станислав Черчесовтің назар аудармауын қалай түсінуге болады? 28 футболшы тізімге енген ұлттық құрамада Оралханға орын табылмағаны қалай? Өз клубында ойын сайын гол соғып жатқан шабуылшыны шақырмай, соңғы рет қашан гол соққанын өзі де ұмытып қалған Артур Шушеначев қандай еңбегі үшін ұлттық құрамаға алынды екен. Дәл қазір жанып тұрған балаға мүмкіндік беру керек еді. Тіпті, Черчесовтің ойын мәнеріне келмейді дейтіндей ол Пеп Гвардиола емес қой. Айта берсек, түсініксіз дүние көп болып тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы қазан айында УЕФА Ұлттар лигасы аясында 10 қазан күні сырт алаңда Аустриямен кездеседі. Матч Линц қаласының «Райффайзен Арена» стадионында өтеді. Ал үш күннен кейін біздің команда Алматыда Словенияны қабылдайды. Осы матчтың биллетері бойынша ақпаратты мына сілтеме арқылы білуге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 1
Серіктес жаңалықтары
×