«Ордабасы» чемпиондыққа бір қадам жақын

18.10.2024, 17:41

Осы демалыста биылғы премьер-лиганың жеңімпазы анықталуы мүмкін.

«Ордабасы» чемпиондыққа бір қадам жақын
"Ордабасы" - "Ақтөбе" кездесуі

Ертең «Ордабасы» «Тобылды» ұтып, тікелей қарсыластары ұпайдан шашау шығарып жатса, екінші жыл қатарынан чемпион атануға жақын. Сондай-ақ, «Елімай» мен «Астананың» арасында да жүлдегерлерге қатысты біраз мәселе шешіліп қалуы тиіс. Сонымен, ҚПЛ-дің 23-турында тағы қандай қызықтар болады?

«Тобыл» - «Ордабасы»        

Шымкенттік клуб сенбіде маусымдағы ең маңызды ойынның бірін өткізеді. Кирилл Кекердің командасы қостанайлық қарсыластарынан айласын асыра алса, чемпиондыққа бір табан жақындай түседі. Өйткені, «Ордабасы» қазірдің өзінде тікелей бәсекелестері – «Елімай» мен «Ақтөбеден» екі ұпайға, ал ойын саны жағынан басымдыққа ие «Қайрат» пен «Астанадан» 4-5 ұпай алда тұр. Шымкенттік ұжымның Қостанайдан кейін тағы үш ойыны қалады: келесі турда «Жеңіс», соңғы екі ойында «Қайрат» пен «Елімайға» қарсы тұрады. Былтырғы чемпионның міндеті бар мәселесін қарашаның алғашқы жартысындағы осы екі бәсекеге дейін шешіп тастау. Ол үшін шымкенттік команда алдымен «Тобылды» және 26-қазанда Акис Вавалистің ұжымын ұтуы тиіс. Әрине, айтуға оңай, барлық команда секілді қостанайлықтар мен елордалықтардың да өз мақсат-міндеттері бар. Нұрбол Жұмасқалиевтің міндеті «Тобылды» Еурокубок ойындарына шығару деуге болады. Қостанайлықтар әзірше бесінші сатыда. Келер маусымда Конференциялар Лигасының іріктеуіне шығуға кемі төртінші орын қажет. Әзірше, қостанайлық клубтың бір саты жоғары «Астанадан» 4-ақ ұпайы кем. «Тобыл» үшін бұл миссияны орындау қаншалықты қиын болмақ?

Шымкенттік клуб басшылығының алдындағы абыройын ойлайтын Кирилл Кекердің қалған ойындарда қамшы басатыны анық. Қостанайда жоспары жүзеге асып, барлығы ойдай болса, назарын «Жеңіс» жаққа бұрмақ. Онда да қиын кездесудің болатынын біліп тұр. Премьер-лигадағы «тіркеуін» сақтауды мақсат еткен елордалықтардың ұпайдан шашау шығаратын жөні жоқ. Қысқасы, «Ордабасыға» қалған төрт ойынның барлығы бір-бір финалдай болайын деп тұр ғой.

«Елімай» - «Астана»

Жуырдағы бір сөзінде Григорий Бабаян астаналықтардың амбициясымен бөліскен. Елордалық клуб чемпиондық үшін ең соңына дейін күресуге бар екен. Олай болса Семейде сүрінуге болмайды. «Елімаймен» болатын бәсекенің бірнеше маңызды тұсы бар: үш ұпай алса, үздік үштіктің қатарынан көрінуі ықтимал, «Қайрат» Түкістанда ұпайдан шашау шығарған жағдайда, тіпті екінші орынға бірақ секіруі де мүмін. Мұның барлығы әрине тек теория жүзіндегі жорамалдарымыз. Ал дәл қазір Григорий Бабаян мен оның командасы чемпиондыққа лайық екенін нақты іс-жүзінде дәлелдеуі тиіс.

Биылғы премьер-лиганың басты жаңалығы «Елімай» үшін барлығы керемет болуда. Енді бір әуп деп маусымды жақсы нотада аяқтау ғана қалып тұр. Команда қазір бірінші орындағы «Ордабасыдан» екі ұпайға қалып келеді. Тек қосымша көрсеткіштер бойынша «Ақтөбені» алға оздырып үшінші сатыға жайғасқан. Былай қарасаңыз алтынның да ауылы алыс емес секілді көрінеді. Ыңғайы келіп тұрса неліктен бас жүлдеге таласып көрмеске? Кестеге көж жүгіртсек, семейліктердің бұл бәсекеден бөлек «Атыраумен» және «Ордабасымен» ойыны қалды.

«Қайрат» - «Тұран»

Көпшіліктің ойынша - бас жүлдеге талас ең алдымен «Қайрат» пен «Ордабасының» арасында өрбиді. Бұл жорамал негізсіз де емес сияқты. Алматылық клубтың чемпионат соңына дейін әлі төрт ойыны тұр: «Тұраннан» бөлек, «Жетісу», «Ордабасы» мен «Атырауға» қарсы кездесулері бар. Бұлардың ішінде әрине, шымкенттіктермен болатын ойынның маңызы зор. Сенбіде «Қайраттың» бұрынғы және қазіргі бапкерлерінің өзара дуэльін тамашалай аламыз. Сөзсіз, Рафаэль Уразбахтиндей жас маманға премьер-лиганы ұту үлкен абырой саналады. Кирилл Кекер үшін де Алматыда «Қайратты» сан соқтырып кетудің үлкен жетістік болары анық. Қысқасы, қос командаға да маңызды матч. Ал оған дейін алматылық клуб чемпионаттан «ұшып» кетпеудің қамын күйттеген «Тұранды» тізе бүктіре ала ма?

«Ақтөбенің» осы турды өткізетінін ескерсек, «Қайрат» ертең үш ұпай олжаласа, екінші сатыға көтеріле алады екен. Бұған әрине түркістандық футболшылардың өз аргументі бар. Алматыдағы ойынды есепке алмағанда, Ринат Алюетовтың шәкірттерінде әлі төрт кездесу қалып тұр. «Тұранның» біріншілік соңындағы ойын кестесі тәуір секлді. Дегенмен «сақтансаң сақтайды», ҚПЛ-де қалудың қарекетіндегі команда үшін қазір әр ұпай ауадай маңызды.

«Қызыл-Жар» - «Атырау»

Жексенбідегі тартысты ойынды осы екі ұжым сыйлай ма дейміз. Әсіресе, Әли Әлиевтің шәкірттері ерекше құлшыныспен доп тебетін шығар: қызылжарлықтар қатарынан бес кездесуде ұтылып отыр. Бүрсігүні алаң иелеріне осы олқылықтың орнын толтыру ерекше мотивация болады деп топшылаймыз. Біріншіліктің бітуіне төрт ойыны қалған «Қызыл-Жар» 19 ұпаймен оныншы орынға табан тіреген: «Тұраннан» тек қосымша көрсеткіштері бойынша ғана алда. Маусымның басында бұдан әлдеқайда жоғары нәтиже күтілген команда қазір осылайша турнирлік кестенің төменгі жағынан көрінуге мәжбүр. Петропавлдық клубтың ендігі мақсаты біреу-ақ - ҚПЛ-дегі орнын сақтап қалу. Әзірше Әли Әлиевте бұл миссияны орындайтын жақсы мүмкіндік бар: «Қызыл-Жардың» қалған қарсыластары «Жеңіс», «Шахтер» мен «Қайсар» секілді командалар...

Жалпы айтқанда «Атырау» үшін биылғы премьер-лига жаман емес. Виталий Жуковский командасымен Қазақстан кубогінің финалына дейін жетті. Бізге «Қызыл-Жар» секілді «мұнайшылар» да артылған сенімді толық ақтай алмаған ұжымның бірі секілді көрінеді. Құрамы, ойыны тұрғысынан «Атырау» қазіргі орнынан әлдеқайда жоғары болуы керек деп есептейміз.

«Жеңіс» - «Жетісу»

Өткен турда «Елімайды» ұтқан Қайрат Нұрдәулетовтың командасы ҚПЛ-де қалып қалумен жанталасқан «Жеңіске» қарсы тұрмақ. Талдықорғандық ұжым маусымда сәтті бастағанымен, қарқынын ұстай алған жоқ. Дегенмен, «Жетісудың» алдында «ұшып» кетудің де қаупі жоқ. Басшылығының былығы мен тағы біраз кедергілердің болғанын ескерсек 9-орынды тәуір деп бағалауға болады.

Ал Акис Вавалис үшін нағыз бәйге енді басталғандай. «Қауіпті» аймақтағы ұжымдардың арасында ең ауыр кесте осы «Жеңісте»: талдықорғандықтарды қабылдаған соң, «Ордабасымен», «Тұран» және «Қызыл-Жармен» шеберлік байқасады. Байқап отырғандарыңыздай, соңғы екі турда премьер-лигадағы орнын сақтап қалудағы тікелей бәсекелестерімен ойнайын де тұр.

«Қайсар» - «Шахтер»

Премьер-лигадан ешқашан төмендеп көрмеген «кеншілердің» жағдайы өте нашар. Футбол құдайы араласпаса, Константин Емельяновтың команданы қалай, ненің күшімен құтқарып қаларын елестете алмай отырмыз. Теория жүзінде әрине мүмкіндік әрқашан да бар. Қарағандылықтар үшін чемпионат соңындағы үш ойынның қайсысында оңай болады? Қызылордаға сапарынан кейін «кеншілер» «Қызыл-Жар» мен «Ақтөбемен» кездеседі. Қос матч та өз алаңында болғанымен ойыны ала-құла қарағандылық футболшылардың ұпайдан шашау шығармайды дегеніне сену қиын. Қысқасы, бұл оқиға «Шахтердің» тарихында тұңғыш рет жоғары дивизионнан «ұшуымен» аяқталатын секілді.

Қызылордалық ұжым турнирлік кестенің бел ортасында. Жүлдеге алыс, «қауіпті» аймақтан да аман деген әңгіме ғой. Кәнігі бапкер Виктор Кумыковтың клубы қалған үш ойынның барлығында ұтылса да, ҚПЛ-дегі орнынан айырылып қалмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×