"Ордабасы" кубок иегері

13.11.2011, 23:11
"Ордабасы" кубок иегері

"Шым қаладан екеніңді мақтан тұт" - бұл оңтүстік жігіттерінің ұраны. Жанкүйерлер девизі. Дәл осындай жазу орталық стадионның трибунасында үлкен әріптермен жазылып тұрды. Стадионға келген "Ордабасы" жанкүйерлерінің қуанышында жек болмады. Барабан, саз-сырнай, музыкалық аспаптардың былайша айтқанда біразы болды. Тек вувузела жетіспеді демесеңіз. Осылайша Алматыда биылғы футбол маусымы ресми түрде жабылды.

Ойынның алғашқы минуттарында қос команда бір-бірін аңдысып бақты. Кейінірек шымкенттіктер басымдылыққа ие бола бастады. Соның нәтижесінде бұрыштама добынан берілген пасқа Мұхтар Мұхтаров бірінші жетіп, Петухов қақпасынан саңлау тапты. Жалпы алғанды бұл ойында Мұхтаровтың жиі қателескенін байқадық. Мұндай ойыншы қалайша ұлттық құрамаға алынып жүр дегендей әңгімелер трибунада отырғандардың аузынан шығып жатты.

"Ордабасының" ортадағы тірек ойыншыларының да аса қатты белсенділігін байқамадық. Касьянов тіпті екінші тайм ортасында алаңдағы орнын әріптесіне босатып кетті. Дәл солай Әшірбеков те ойынның соңына дейін алаңда болмады. Оның орнына кірген Ирисметов өзінің бұрынғы клубы "Тобылға" қарсы шапқысы келмеді. Не дегенмен Фархадбектің жұлдызды сәті сол "Тобылда" өтіп еді ғой.

Шымкеттік командадағы екі "қара бала" Бабатунде мен Мвесигваның өнері қол соқтырды. Бірі техникалық жағынан, бірі қорғаныста сауатты қимылдады. Шабуыл шебіндегі Дәуренбек Тәжімбетов қанша тырмысқанымен жалғыз өзі ештеңе тындыра қоймады. Тек екінші таймда қақпашымен бірге-бір шығып бара жатқанда оны қорғаушы жалып құлатты. Сол үшін де "Тобыл" ойыншысы алаңнан қуылған болатын. Бас төреші Дүзмәмбетов шымкенттіктер үшін жаны ашып жүргенін бірнеше сәттерден анық байқадық. Болмашы жағдайда сары жейделі қостанайлықтарға сары қағазды аямай көрсетті.

Төрешіні кінәлай қоюдың да керегі шамалы екен. Сөйтсек "Тобыл" ойыншылары да жеңілсек екен деген оймен шығыпты алаңға. Аяқтың астындағы доптан айырылып, жанкүйерлердің миына кірмеген қызықты қателіктер жасап жатты. Осының барлығының себебін мен өзімнің осыдан екі ай бұрын жазған мына мақаламмен түсіндіргім келеді, қадірменді жанкүйер.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×