Шымкенттік «Ордабасы» бас бапкері Андрей Мартин тарихи жетістіктерге толы маусымнан кейін қызметінен кетуге жақын, деп хабарлайды Aladop.kz.
Молдовалық маман мен клуб басшылығы жаңа келісімшарттың талаптары бойынша ортақ шешімге келе алмаған.
52 жастағы Андрей Мартин 2026 жылы «Ордабасыны» Қазақстан чемпионы атандырып қана қоймай, ел кубогын да жеңіп алды. Осылайша, Шымкенттік клуб өз тарихында алғаш рет бір маусымда екі басты ішкі трофейді иеленді.
Алайда мұндай табысты нәтижеге қарамастан, тараптардың ынтымақтастықты жалғастыру жөніндегі келіссөздері сәтсіз аяқталған көрінеді.
Ресейлік инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, «Ордабасы» басшылығы мен Андрей Мартин жаңа келісімшарттың талаптарын келісе алмаған.
Маманның қазіргі келісімшарты 2026 жылғы 30 қарашаға дейін жарамды. Бұған дейін клубтың бас бапкері өз болашағына қатысты шешім Қазақстан кубогының финалынан кейін қабылданатынын айтқан болатын.
Енді тараптардың келісімге келе алмағаны жөнінде ақпарат тарады. Дегенмен «Ордабасы» клубы бапкердің кететінін әзірге ресми түрде жариялаған жоқ.
Андрей Мартин Шымкенттік клубтың тізгінін 2024 жылдың желтоқсанында ұстаған. Оның жетекшілігіндегі алғашқы маусымда «Ордабасы» Қазақстан Премьер лигасын жетінші орынмен аяқтады. Алайда келесі жылы команда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр.
2026 жылғы маусымда Шымкенттіктер Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Ал 7 қарашада Түркістанда өткен Қазақстан кубогының финалында Қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңіп, маусымдағы екінші трофейіне қол жеткізді.
Бұл — «Ордабасы» тарихындағы алғашқы «алтын дубль». Сонымен қатар клуб Қазақстан кубогын үшінші рет, ал ел чемпионатын екінші рет жеңіп алды.
Андрей Мартин Қазақстанға келгенге дейін Молдованың «Дачия» және «Петрокуб» клубтарында жұмыс істеген.
Әсіресе оның «Петрокубтағы» қызметі ерекше нәтижелерімен есте қалды. Молдовалық маманның жетекшілігімен «Петрокуб» ел чемпионатында ұзақ жылдар үстемдік құрған «Шерифтің» жеті жылдық жеңісті сериясын тоқтатты. Сондай-ақ команда Молдова чемпионаты мен кубогын қатар жеңіп, «алтын дубль» жасады.
Бұдан бөлек, Мартин «Петрокубты» клуб тарихында алғаш рет УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіне алып шықты.
Осылайша, маман соңғы үш маусым ішінде екі түрлі елде екі рет «алтын дубль» жасаған бапкер атанды.