«Ордабасыны» кім жекеменшікке алады?

01.11.2025, 13:02

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты жеделдету керектігін айтқан еді. Осы орайда шымкенттік клубқа қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

«Ордабасыны» кім жекеменшікке алады?

«Күнгей» сайтының журналисі Арай Есенбек Шымкент қаласындағы Өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектен «Ордабасы» клубының жеке меншікке өтуі жайлы сауалды қойды.

«Футбол клубтарын жекешелендіру бойынша президенттің берген тапсырмасы бар. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде «Шахтер»,  «Қайсар»,  «Жеңіс» және ұмытпасам  «Ақтөбе» бар ғой деймін. Олардың инвесторлары анықталып қойды. Екінші кезеңде тағы 1-2 клуб бар. Қазір аттары есімде жоқ. Ал  «Ордабасы» үшінші кезеңде тұр. Біз қазір осыған байланысты арнайы жол картасын әзірлеп, инвесторлармен келіссөздер жүргізу үстіндеміз. Ол апта сайын талқылайтын мәселеміз. Инвестор әлі анықталған жоқ. Өйткені екінің бірі бел шешіп кірісе кететіндей жағдай емес. Соған байланысты қазір ешкімнің атын атап, түсін түстей алмаймыз», - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, санаулы күн бұрын ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов футболды жекешелендіру бойынша жұмыс барысын айтқан болатын:

«Қазір «Орталық Азия отын-энергетика компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жарды» сатып алуды қарастыруда; Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтерге» арнап стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытуда; Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жетісуды» сатып алып, Астанада футбол инфрақұрылымын салуды жоспарлап отыр; Қызылордадан келген әлеуетті инвестор «TAU GROUP LTD» (Ислам Қозбақов) «Қайсарды» сатып алуды жоспарлауда. Сондай-ақ, «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесу өтті».

Отандық футболда «Қайсар» клубы ғана өзінің әлеуметтік желісінде жеке меншікке өткенін жариялады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×