Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген тізімі жариялануы мұң екен, жанкүйерлер арасында үлкен дау басталды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл жолғы сынның нысанасы — тағы да қорғаушы Дінмұхаммед Қашкен. Футболсүйер қауым оның тізімге енуін аяусыз сынап жатса, бас бапкер мен ойыншының өзі бұл айыптауларға жауап қатты.
Байсуфинов не дейді? Таңдаудың сыры ашылды
Ұлттық құрама бапкері Талғат Байсуфинов құрамға қатысты туындаған сұрақтарға нүкте қоюға тырысты. Оның айтуынша, тізімге ілінген әрбір ойыншы тек еңбегімен келген.
“Біз ҚПЛ-дың алғашқы турынан кейін барлық ойындарға терең талдау жасадық. Ойыншыларды таңдағанда ең алдымен олардың алаңда өткізген уақытына және техникалық-тактикалық іс-қимылдарына баса назар аудардық.” — деп түсіндірді бапкер.
“Орнын сатып алды ма?”: Қашкеннің қатал жауабы
Дінмұхаммед Қашкеннің төңірегіндегі “сатып алынған орын” туралы қауесет алғаш айтылып жатқан жоқ. Өткен жылы бұл хейтерлердің шабуылына шыдамаған футболшы өзінің позициясын кесіп айтқан болатын.
“Ұлттық құрамадағы орынды сатып алып, бүкіл елге масқара болғанша, мен үшін карьерамды аяқтаған әлдеқайда артық.” — деген еді қорғаушы.
Халық наразы, бапкер сенімді
Жанкүйерлер Қашкеннің деңгейі құрамаға әлі жетпейді деп есептесе, бапкерлер алқасы оның көрсеткіштеріне сүйеніп отыр. Қалай болғанда да, Дінмұхаммедке алаңға шығып, өзінің лайықты екенін тек іспен дәлелдеуден басқа амал қалмады.