Осы аптадағы шетелдегі қазақстандықтардың матчтары

05.10.2024, 17:41

Осы демалыста шетелде доп тебетін біраз қазақстандық футболшының өнерін тамашалауымыз ықтимал.

Осы аптадағы шетелдегі қазақстандықтардың матчтары
Бахтиер Зайнутдинов "Бешикташ" сапында

Футболсүйер қауымның назарын аударатын әрине Ресей премьер-лигасында Нұралы Әліп, Максим Самородов пен Түркия суперлигасындағы Бахтиер Зайнутдинов және Абат Айымбетовтің командалары екені анық. Себебі, бұл футболшылар келесі аптада Қазақстан құрамасының намысын өте маңызды матчтарда қорғамақ.

Нұралы Әліп

Сонымен, бүгін-ертең өтетін ойындарда бой көрсетуі мүмкін өкілдерімізді бір түгендеп шығайық. Шеттегі диаспорамыздан әрине, РПЛ-дегі футболшылардың жағдайы өзгелерден едәуір жақсы. Нұралы Әліп бүгін «Оренбургке» қарсы ойынды негізгі құрамда бастап қала ма дейміз. Себебі, қазақстандық қорғаушы питерлік ұжымның соңғы бес кездесуінде де алаңнан бой көрсетіп келеді. Сондай-ақ, «Зенитке» маңызды саналған өткен турдағы «Краснодармен» бәсекеде де Сергей Семак қазақстандыққа толық сенім артты. Нұралы Әліп ол ойынды толық тоқсан минут ойнап шықты. «Краснодармен» матчта отандасымыздың өнеріне айып тағу орынсыз. Онда бүкіл питерлік команда сүреңсіз ойынымен есте қалды. Сондықтан, Әліп «Газпром-Аренадағы» бүгінгі кездесуді де стартта бастап қалуы керек.

Санкт-петерборлық ұжым премьер-лиганы қарқынды бастағанымен, сол өткен турдағы сәтсіздігінің салдарынан екі сатыға сырғыды. Сергей Семак командасы бүгін турнирлік кестенің соңындағы «Оренбургті» ұтса, қайтадан көшті бастамақ. Себебі, РПЛ-дің алғашқы үздік үштігін бөліп тұрғаны бір-ақ ұпай. Нұралы Әліп жаңа маусымда «Зенит» сапында барлық турнирлер аясында өткен 10 ойынға қатысты. Қазақстандық қорғаушы әзірге тек дөрекілігімен көзге түспесе, нәтижелі іс-әрекетімен ерекшелене қоймады. «Зенит» пен «Оренбургтің» ойынын бүгін біздің уақытпен 18:30-да тамашалауға болады.  

Максим Самородов

«Ахмат» сапында бүгін Максим Самородовты көріп қалуымыз мүмкін. «Ақтөбе» түлегі жаңа командаға бой үйретіп қалғандай. Грозныйлық ұжымның жейдесін киіп үлгерместен жарақат алған жерлесіміз ақырындап өз-өзіне келіп жатқан секілді. Әзірге Самородовтың аяқ-алысы жаман емес. Әсіресе, «Пари-НН-мен» болған кубоктік кездесудегі голынан кейінгі көңіл-күйінде оң өзгеріс байқалады. Сенім сыйлағаны анық. «Ахматтың» өзіне де маусымның басы ауыр болуда. Грозныйлық ұжым бапкер ауыстыру арқылы (Магомед Адиевтің орнын Сергей Ташуев басқан) бір серпілуді көздеген еді. Осындай жағдайлар орын алса да Максимнің аттан ауып, қамшысының қолынан түскенін көрмедік. Қайта керісінше ойыны түлеп сала бергендей ме? Мысал үшін, қазақстандық жартылай қорғаушы соңғы үш турдың екеуінде матчты негізгі құрамда бастап, 80 минуттан ойнап шықты («ЦСКАМЕН» 84 минут, «Крылья Советовпен» 81 минут).

Сергей Ташуев сенімінің тур өткен сайын нығайып келе жатқанын аңғару қиын емес. Қазақстан құрамасының үздік футболшысының жақсы қырларын таныса керек. Қысқасы, ресейлік маман бүгін де Максимді негізгі құрамда шығарып қалуы мүмкін.

Абат Айымбетов

Абат Айымбетов өнер көрсететін команданың да жағдайы мәз емес. Жеті ойында жалғыз ұпай ала алған «Адана Демирспор» әзірге Түркия чемпионатының ең осал командасы атануда. Ал қазақстандық шабуылшының өзіне келер болсақ, биылғы біріншіліктегі жеті турдың екі кездесуін негізгі құрамда бастап, тағы бір бәсекеде екінші таймда бой көрсетті. Абат туралы қанша ізденсеңіз де осыдан басқа ешқандай сатистикалық мәлімет таба алмайсыз. Винченцо Монтелла кеткелі берекесі қашқан түркиялық клубта қазақстандық шабуылшы өзінің ойынын таба алар емес. Айымбетов Аданадан кетеді деген қауесеттер тарап еді. Кім біледі, мүмкін футболшы үшін жаңа өзгерістер керек те шығар. Ал оған дейін «Адана Демирспор» өз алаңында «Самсунспор» командасын қабылдайды. Абат Айымбетовтің жанкүйерлері бұл бәсекені кешкі 19:00-де тамашалай алады.        

Бахтиер Зайнутдинов

Бахтиер Зайнутдиновтің жағдайы да осыған ұқсас. Десе де, Абаттың «Бешикташ» жартылай қорғаушысына қарағанда анда-санда болсын алаңнан бой көрсетіп қоятыны бар. Бахтиер биылғы біріншілікте тек жетінші турда ғана алаңнан көрінді, онда да «Кайсериспормен» ойынның 93-минутында ғана матчқа араласты. Ойын соңындағы қосымша бірнеше минутты араласты деуге болса, әрине. Ертең стамбулдық клуб сырт алаңда «Газиантепке» қарсы тұрады. Джованни ван Бронкхорст Еуропа Лигасы мен ішкі біріншіліктегі тығыз кестеге байланысты командасындағы барлық футболшыға мүмкіндік беретінін айтқан. Бірақ әзірше Бахтиер Зайнутдиновтың Түркиядағы сапары аяқталып қалғанға ұқсайды.          

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 11
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×