ҚПЛ-кездесулерінде біраз жыл төрешілік, инспекторлық жасаған маман Серік Қошқаров «Аладоп.кз» сайтына көлемді сұқбат берді.
«Төреші жүгіруі керек. Өзіндік арнайы нормативтері бар. Сондай емтихандарын тапсырмай, премьер-лигаға жіберілмейді. Алайда, соны тапсырмай-ақ, ҚПЛ-де қызмет жасап жүрген инспекторларды білемін. 10 сұрақтың төртеуіне ғана дұрыс жауап беріп премьер-лигада инспектор болып жүр... Қалайша? Мен 10 сұрақтың барлығына дәл жауап беремін, бірақ ондай ойындарға жіберілмеймін. Сонда бұл қалай болғаны? Одан кейін төрешілер жоқ дегенде балалар деңгейінде футбол ойнай алуы керек. Ал бізде ҚПЛ-дегі кейбір төрешілер доп теуіп көрмеген. Футболдың иісі мұрнына да бармайды. Бірдеңені түсінбей бара жатса, ескерту қағазын көрсетіп құтылады. Ал бапкерлер араласып мазасын алса, оған қызыл қағаз... Самат Смақовпен болған оқиға осыған дәлел. Төрешінің міндеті – матчта қызмет жасау. Болды, басқа жерде бар-жоғы білінбеуі керек», - деді С. Қошқаров.
Төрешінің мәлімдеуінше, ҚФФ басшылығы шетелден маман әкелгенше отандық қазыларға көңіл бөлгені жөн. Қазақстандық реферилердің кәсібилігін көтеріп, ынталандыруға тиісті қадамдар жасалуы тиіс.
«Бүкіл төрешілерді қорқытып тастаған. Айтары бар мамандардың барлығы үрейлі, қарсы шықса болды, шеттетіп тастайды деп қорқады. Төрешілерді Қырғызстаннан әкелу масқара... Жарайды, Италия, Португалиядан әкелсін мейлі, бірталай жыл жүрген мамандар, өз ісін біледі дейікші. «Қайрат» - «Ақтөбе» матчында Темірлан Анарбековке жасалған фолды айтамын. Қарсылас шынтағымен кірді кәдімгідей, ана жерде қақпашының мансабы аяқталуы мүмкін жер ғой. Өміріне қауіп төндірді былайша айтқанда. Ал бірақ жазаланған жоқ, тіпті қызыл қағаз берілмеді. Енді осындай төрешіні шетелден қандай оймен алдырған? ҚФФ-дағы жауаптылардың миы бар ма жалпы? «Жоқ бейтарап төреші керек» деген сылтаулары бар. Өзіміздің дайын қазылармен жұмыс істеуге болмай ма сонда?», - деді С. Қошқаров «Аладоп.кз» сайтына берген сұқбатында.